Өзбекстан көршілес ауған жері арқылы Пәкістанға темір жол салуды көздеп отыр
Трансшекаралық жобаға өзбек тарапы 5 млрд долларға тарта қаражат жұмсамақ. Көршілес Өзбекстан – әлемдік мұхитқа қана емес, теңізге де шығар жолы жоқ санаулы елдің бірі. Мұнда құрастырылған көлік, өндірілген өнім кемі 2 мемлекеттің шекарасын асып, ғаламдық нарыққа жол тартады. Кейінгі 3 жылда ел билігі Ауғанстан жаққа жиі бет бұрады. Азаматтық соғысы тоқтап, лаңкестік қауіп-қатері сейілсе, трансшекаралық темір жол құрылысын бастауды жоспарлап отыр.
Валерий Бирюков, сарапшы:
- Өзбекстан Орталық Азияның ортасында орналасқан. Теңіз порттарынан алыста жатқан ел. Арада шекаралар көп. Транзит, сауда-саттық тасымалының құны біз үшін аса маңызды. Сондықтан Өзбекстан баламалы жолдар іздеп жатыр. Мемлекетті жаңа нарықтарға алып шығу күн тәртібінде тұр.
Ауғанстанда ғасыр басында бірде-бір темір жол желісі болмаған. Көліктік инфрақұрылым қазір де қалыптаса қойған жоқ. Бірақ бұл – географиялық тұрғыда мүмкіндігі мол аймақ. Оңтүстік Азия елдерін орталықпен байланыстырады. Еуропаға тікелей жолдар ашылады. Жылдар бойы соғыстан көз ашпаған мемлекет жағдайды тек экономикалық жолдармен түзеу мүмкін екенін ұғына бастағандай.
Инамулла Саманғани, Ауғанстанның уақытша үкіметі баспасөз хатшысының орынбасары:
- Үкімет Ауғанстан шекарасы арқылы өтетін темір жол бағытын бекітті. Ол солтүстіктегі Мазари-Шариф қаласынан басталып, Бағлан және Бамиан провинцияларына дейін жалғасады.
Пәкістанға тікелей темір жол салу ауған тарапына да тиімді. Ресми Исламабад теңіз портына жол ашады. Ал ол өз кезегінде әлемдік сауда-саттықтан қыруар пайда көріп отырған ел.
Бахтиёр Эргашев, «MA'NO» зерттеу бастамалары орталығының директоры:
- Пәкістанда ірі теңіз порттары бар. Сол жерге тікелей жол ашу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салу жобасы қолға алынды. Орталық Азияның елдері де осыған қосыла алады. Пәкістан өз кезегінде біздің нарықтарға енеді. Бірақ инвестиция кез келген аймаққа құйыла бермейді. Ауған еліндегі жағдай әзірге біз ойлағандай болмай отыр.
200 млн халқы бар Пәкістанмен Орталық Азия елдері ішінде тек Өзбекстан алыс-беріс жасап отыр. Тікелей темір жол салынса, қазақстандық кәсіпкерлер де аймақтан серіктес табуға талпынар еді. Мәселен, бидай мен ұнға жаңа нарықтар ашылады.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстан темір жол салуға шетелден несие тартпақ. Алайда әлемдік банктер жобаға қаржы құя ма, жоқ па белгісіз. Ауған жерінде қайта тұрақсыздық орнаса, ақша желге ұшқанмен тең. Тараптар аймақтағы террористік жағдайдан қауіптенеді. Мәселе тек осында. Соған қарамастан өзбек елі жобаны соңына дейін жүзеге асыруға бекініп отыр. Онсыз әлемдік сауда жолдары ала шапанды ағайынға жабық дей беріңіз.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов