Украинадағы соғыс үшінші айға ұласты
Қақтығыс салдарынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны күн санап артып барады. Америка Құрама Штаттары Украинаға әскери көмек ретінде жүздеген миллион доллар бөлетін болды. Бұл туралы АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы мен Қорғаныс министрінің Киевке сапарынан кейін белгілі болды. Ал Ресейдің АҚШ-тағы елшісі «Россия-24» арнасына берген сұхбатында Мәскеу Киевке қару жеткізуді тоқтататуды талап етіп, Вашингтонға нота жолдағанын мәлімдеді.
Ресей армиясы Донецк пен Луганск облыстарына шабуыл жасауды жалғастырып жатыр. Харьков қаласына да соққы берілген. Ақпарат құралдары Попасна қаласы үшін де ұрыс жүріп жатқанын хабарлады. Ал Одессада тұрғын үйге зымыранмен шабуыл жасалып, кемінде 8 адам қаза тапты. Көз жұмғандардың арасында үш айлық сәби бар. Украина Ресейге Мариупольдегі «Азовсталь» зауытының жанында келіссөз өткізуді ұсынып отыр.
Алексей Арестович, Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі:
- Мариуполь қаласындағы жағдай өте ауыр. Қарсы тарап «Азовсталь» зауытының маңына күштерін шоғырландырып жатыр. Қиындықтарға қарамастан, сарбаздар қорғанысты ұстап тұр. Зауытта бекінген мыңнан астам адамның арасында қарттар мен балалар да бар. Пасха мейрамында оқ атуды тоқтатуды, гуманитарлық дәліздер құруды және сарбаздарымызды Ресейдің тұтқынға түскен әскеріне айырбастауды ұсынып, Ресей тарапын келіссөзге шақырдық.
Мәскеу әзірге бұл ұсынысқа жауап берген жоқ. Ал Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қаладағы ахуал тұрақты.
Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
- Қала тұрғындары украиналық ұлтшылдардан қорықпай, еркін жүріп-тұруға мүмкіндік алды. Шаһарға азық-түлік, ауызсу, тұрмысқа қажетті заттар жеткізіліп жатыр. Донецк Халық Республикасының билігі көшелерді қоқыс пен қираған әскери техникадан тазартуды бастады. Ал украиналық ұлтшылдар мен шетелдік жалдамалылар «Азовсталь» зауыты аумағында қоршауда қамалып отыр.
Ресейдің Төтенше жағдайлар министрі дүйсенбіге қараған түні Брянск облысындағы мұнай базасында өрт шыққанын мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, зардап шеккендер жоқ. Жергілікті билік резервуарлар отқа оранғанын айтады. Брянск облысы – Украинамен шекаралас аймақ. Өңірде террористік қауіптің жоғары деңгейі жарияланған болатын.
Ал Құрама Штаттар Украина мен одақтастарына әскери көмек ретінде 713 млн доллар бөлмек. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы мен Қорғаныс министрі Киевке барып, Украина президентімен кездесті. Энтони Блинкен жаңа елші жіберілетінін және америкалық дипломаттар біртіндеп Киевке оралатынын айтты.
Энтони Блинкен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:
- Мұнда келуіміздің себебі – Ресейдің агрессиясын тойтарудағы ерекше батылдығыңыз, көшбасшылығыңыз және жетістігіңіз. Бұл кездесу біз үшін үлкен мәртебе. Президент Байден Киевке қолдау көрсетуге дайын екенімізді үнемі айтып келеді. Америкалық дипломаттар Украинаға оралады. Олар жұмысты Львовте бастап, кейін Киевке көшеді деп ойлмаймын.
Ал Times басылымы Еуроодақ Ресей мұнайының импортына қатысты санкция әзірлеп жатқанын хабарлады. Ұлыбританиялық The Telegraph: «Біріккен Корольдік соңғы 30 жылда алғаш рет көмір шахтасын ашуы мүмкін», – дейді. Ұлыбритания жыл соңына дейін Ресей мұнайы мен көмірінен бас тартуды жоспарлап отыр.