Ұлыбританияда теміржолшылардың ереуілі өтіп жатыр
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Қазір мен «Юстон» бекетінің жанында тұрмын. Бұл пойыз – өте көп қатынайтын қалааралық жолаушылар терминалы. Бірақ қазір ол бос тұр. Ұлыбритания бойынша 50 мыңнан астам теміржолшы жұмысқа шығудан бас тартып, компания басшылары мен биліктегілерге наразылықтарын айту үшін ереуіл ұйымдастырды. Олар «Еңбек жағдайы жақсартылсын!» деп талап қойып отыр.
Ереуілшілер қымбатшылыққа төтеп беру үшін қызметкерлердің жалақысын кем дегенде 7% көтеруді сұрайды. Жұмыс берушілер болса, тек 3% келісіп отыр, бірақ оның өзінде жұмысшылар қысқартуға ұшырап, қызметте қалғандары жұмыс істеу әдістерін өзгертулері керек. Бірақ теміржолшылар мұнымен келіспейді.
Мик Линч, Көлік қызметкерлері ұлттық кәсіподағының бас хатшысы:
- Network Rail және пойыздарды басқаратын компаниялар жалақыларымызды өсірмей қойды және мыңдаған жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр. Теміржол басшыларымен келіссөздер жүргізіп көрдік, бірақ ортақ келісімге келе алмадық.
Наразылықтардың негізгі ұйымдастырушысы – Ұлыбританияның бүкіл көлік секторын қамтитын кәсіподақ. Олар ереуілдердің қарқын алуына Көлік министрі Грант Шаппс себепші болды деп санайды. Шаппс болса, кәсіподақ ұйымдарын кінәлап отыр.
Грант Шаппс, Ұлыбритания көлік министрі:
- Ереуілдер ешкімге де пайда әкелмейді. Олар миллиондаған халыққа қолайсыздық туғызып жатыр. Студенттер оқу бітіру емтихандарын тапсыра алмай, науқастар ауруханаға жоспарлы ота жасату үшін де жете алмай қиналып жатыр. Кәсіподақтағыларды мәселені ақылға салып шешуді ұсынамын.
Дегенмен наразылықтың басты себебі коронавирус деп айтуға болады. Пандемия кезінде бүкіл ел бойынша жолаушылар саны айтарлықтай азайып қалды. Қоғамның белсенді тобы пойызға мінуді қойып, үйден жұмыс істеуге көшті. Бірақ бәрі емес.
Ұлыбританияның бас қаржы институты Англия банкінің болжамы бойынша күзде инфляция деңгейі 11% көтеріліп, бағалар жылдам қарқынмен өсе бермек. «Егер жалақы бағаның өсуіне сәйкес индекстелетін болса, елдегі қымбатшылық шарықтай береді», – дейді сарапшылар.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Келтірілген залалдардың нақты көлемін ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені кәсіподақтар ереуілдерді жаз бойы өткіземіз деп отыр. Егер тараптар келіспесе, жылдың соңына дейін жалғастыруға дайын. Бір анығы, шығын шаш етектен болғалы тұр. Ол аздай, теміржолшыларға метро жүргізушілері де қосылды. Ал автомобиль жолдарында кептелістер пайда болды. Жеке көліктерімен жұмыстарына жете алмай әлек болғандар көп.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы