ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының XXІХ сессиясында Арал мәселесі көтерілді
Қазақстан мен Өзбекстан депутаттары Арал теңізінің проблемасын тағы көтерді. Бұл жолы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын және оған мүше мемлекеттерді табаны құрғаған теңізді құтқару жөніндегі жобаларға демеуші болуға шақырды. Саясаткерлер өз үндеуін ұйымның Парламенттік Ассамблеясының 29-шы сессиясында жария етті. Халықаралық шара Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өткен.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясы – 57 мемлекеттің 300-ден астам депутатын біріктіретін парламентаралық ұйым. Мақсаты – қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында парламентаралық диалог қалыптастыру. Шара пандемияға байланысты екіжылдық үзілістен кейін офлайн форматта бірінші рет өтіп отыр.
Қазақстандық делегация мүшелері үшін бұл сессия нәтижелі болды. Бірінші кезекте парламенттік дипломатияны ілгерілету тұрғысында. Тұрақты комитет отырысы аясында олар өзбекстандық делегациямен қосылып, бірлескен үндеу жариялады. Депутаттар ұйымды және оған мүше мемлекеттерді Арал теңізін құтқару жөніндегі жобаларды іске асыруға донор болуға шақырды. Асқар Шәкіров, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары:
- Айта кету керек, бұл бастама аяқ асты көтерілген жоқ. Ол бірінші кезекте Мемлекет басшысының Арал теңізін және оған іргелес аумақты бірлесе отырып, қайта қалпына келтіру туралы тапсырмасы негізінде жасалған.
Экономика, ғылым, технология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері де қазақстандық делегация назарынан тыс қалмады. Бұдан бөлек, «Жаңа Қазақстан құру» тақырыбында cайд-ивент ұйымдастырылып, еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар таныстырылды.
Камиль Айдын, Түркия делегациясының мүшесі:
- Негізі мен Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді өз елімде тұрып, теледидар, радио және әлеуметтік желілер арқылы бейресми бақылағаным рас. Бірақ осында келіп, Қазақстанның ресми өкілдерін тыңдағаннан кейін одан да көп ақпарат ала алдым. Референдумдарыңыз сәтті өтіп, өзгерістерді халықтың 77% қолдағаны қуантады.
Гжегож Берецки, Польша делегациясының мүшесі:
- Қазақстандағы реформаларға ерекше қызығушылық танытуымыздың себебі елдеріңізде көптеген поляктар өмір сүреді. Олар өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары қазақ жеріне көшіп барды. Қазір де бейбіт күн кешуді, ел дамуына үлес қосуды жалғастырып жатыр.
Ұлыбритания делегациясымен өткен екіжақты кездесуде де елімізде болып жатқан саяси өзгерістер сөз болып, ағылшындар реформаларға жоғары баға берді. Аймақтық қауіпсіздік және ынтымақтастық, Ауғанстандағы жағдай, трансшекаралық өзендерді ұтымды пайдалану, миграция сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Бұдан бөлек, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аймағында тұрақты дамуды қамтамасыз ету бойынша резолюция қабылданды.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы