Грузия дәнді-дақылдар экспортын шектеді
Шаруалар астық алқабын кеңейткісі келеді, бірақ климаттық және ландшафтық ерекшеліктерге байланысты елде егін егуге жарамды жер аз.
Грузияны азық-түлік дағдарысы алаңдатып отыр. Ел аумағының 70% орман мен жайылымдық жерлер алып жатыр. 15% ғана өңделеді. Сол себепті ел импортқа тәуелді. Геосаяси жағдай ушыққан шақта азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігі артып отыр.
Отар Шамугия, Грузия Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы министрі:
- Қазір біз ішкі нарықтың 20% де қамтамасыз ете алмаймыз. Импортқа тәуелдіміз. Сондықтан Үкімет экспортқа тыйым салды. Егін орағы басталды, өнім ел ішінде қалады. Арпаны да сыртқа сатуға болмайды. Грузияның арпасы Иран мен Иракқа шығарылатын. Соңғы жарты жылда ғана 900 мың доллардың дәнді-дақылы сатылған. Ал экспорт тоқтаса, ішкі нарықта баға арзандайды деген болжам бар. Яғни тыйымның кесірінен жергілікті фермерлер шығынға ұшырауы мүмкін. Қазір шаруалар Үкіметпен астықтың бағасын белгілеуге тырысып жатыр. «Алайда импорттың орнын алмастыру да оңай болмайтыны анық», – дейді мамандар.
Рати Кочламазашвили, Грузия Фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары:
- Жердің көп бөлігі мемлекет меншігінде. Шаруалар оны пайдаланып жүрсе де, Үкіметте бұл жөнінде дерек жоқ. Біздің міндетіміз – егін егуге жарамды жерлерді дайындау.
Фермерлер: «Егістік аумағы ұлғайса да, қазір ішкі сұранысты қамтамасыз ету мүмкін емес», – дейді. Ал астықтың негізгі жеткізушісі – Ресей, 80% осы елден тасымалданып келген. Алайда осы жылдың алғашқы жарты жылдығында бидай импорты екі есе төмендеді. Енді ел билігі астықты өзге елдерден сатып алуға мүдделі.
Авторлары: Меруерт Жақан, Юлия Тужилкина