Қазақстан мен Өзбекстан өңірлік байланыстарын нығайтады
Өнеркәсіптік кооперация құрылып, өзара алыс-беріс артады. Қазір өзбек кәсіпкерлері туризммен қатар өндірістік әлеуетін нығайтып, қарапайым заттар шығаруға бейімделіп жатыр. Бір ғана мысал, Бұхарада кәсіпкерлер мақтаны джинсы матаға айналдырып, киім тігеді. Оны Түркия және Польшаға экспорттайды. Мамандардың айтуынша, Бұхарада өсетін мақтамен өсімдік майы да өндіріледі. Тәжірибеге қазақстандық фермерлер қызығушылық танытып отыр. Таяуда Түркістан облысының жеңіл өнеркәсіп өкілдері осы өңірде арнайы сапармен болып, өндірістің қыр-сырымен танысып қайтты. Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы былтыр 5 млрд долларға жетті, соның ішінде Бұхара облысымен алыс-беріс 2 жарым есе ұлғайды. Келешекте өңірлерді тікелей көлік дәлізімен жалғау жоспарланған.
Суннат Муродов, сүт зауытының бас инженері:
-Күн сайын 60 мың тонна сүт өңдейміз. Әзірге толық қуатта іске қосылғанымыз жоқ. Бұхара, Қашқадария, Науаи және Ташкентті ғана қамтимыз. Ал ірімшік өнімдерімізге Үндістаннан сатып алушылар табылды. Қоймада 82 тоннасы сақтаулы тұр. Таяу арада экспортқа жөнелтілуі мүмкін.