Марат Қарабаев бір топ отандық кәсіпкермен Ташкентке барды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бір топ отандық кәсіпкермен Ташкентке барды. Өзбекстан астанасында бірлескен инвестициялық жобалар қаралып, өнеркәсіптік орталық құру мәселесі талқыланды. Тараптар үшінші елдерден келетін импортты алмастыруға да басымдық берді.
Ресми Астана мен Ташкенттің көп салада қазір көзқарасы ортақ, ұстанымы бір. Енді экономикада бірін-бірі толықтыруы керек. Бұған ең әуелі бизнес мүдделі. Алыс-берістің артуы арадағы кеден, автокөлік және пойыз жолдарын көбейтуді қажет етіп тұр.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
-Биыл тағы да Қазақстанда бірлескен 5 жобаны бастаймыз. Ол — автокөлік, болат өндіру және жеңіл өнеркәсіпке қатысты жобалар. 50-ге жуық компаниямен кездескен болсақ, соның ішінде 30-ы сауда бойынша ұсыныс берсе, 20-сы бірлескен жаңа кәсіпорынды Қазақстанға ашуға байланысты. Бізге қызық боп отырғаны жеңіл өнеркәсіп.
Елімізде жыл сайын миллиондаған тонна тері қоқысқа тасталады. Терең өңдеп, кәдеге жарататын жер жоқ. Көршіміз оны сатып алуға дайын. Екі ел арасындағы кооперация орталығы құрылса, шикізат жолда қалмайды. Түркістан облысында бірлескен жеңіл өнеркәсіп кластері де құрылады.
Дәулет Тұрсынбаев, тоқыма фабрикасының шетелдік жобалар бойынша жетекшісі:
- Біздің компания қазір Қазақстанмен экспорт және импорт бойынша жұмыс істейді. Фосфат өнімдерін тасымалдаймыз. Сапасы өте керемет.
Қазақстан мен Өзбекстан өзара тауар алмасу ісін жеделдетпек. Шекаралас қана емес, Қазақстанның солтүстігіндегі шаруалар бұл іске білек сыбана кіріскен. Тұрмыстық химия өнімі мен азық-түлік жеткізуге қамданып жатыр. Маңғыстау битум, Қызылорда цемент пен әйнек экспорттауға дайын.
Серік Қожаниязов, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары:
-Бізде газдың бағасы арзандау. Бұрын керамзит, известь дегенді өздері істейтін болса, қазір бізде жасау арзанға түседі. Сол себепті Өзбекстан Жаңақорған ауданында зауыт салу бойынша тағы бір жобаны қарап жатыр. Бұрын біз Өзбекстаннан алатын болсақ, енді олар бізге кеп зауыт салуға ниет білдіріп жатыр.
Еліміз Өзбекстанға агрокластер саласы бойынша арнайы квотаны көбейтіп бермек. Нарық жылдан жылға кеңейіп келеді. Қазақстаннан ет қана емес, көкөніс экпортын арттыруға сұраныс бар. Бұл іс арадағы сауда айналымының көп ұзамай артатынын көрсетеді. Қазіргі көрсеткіш - 5 млрд доллар. Мақсат - оны екі еселеу.
Авторы: Рауан Мыңбаев