Суданнан ТМД елдерінің азаматтары эвакуацияланды
Олардың арасында қазақстандықтар да бар. Жалпы Суданда қақтығыстар басталғалы 17 Қазақстан азаматы болған. Мұны Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Қазір олардың алтауы эвакуацияланған. Азаматтардың екеуі қалауы бойынша Иордания мен Біріккен Араб әмірліктеріне тоқтаған. Ал 4 адам Қазақстанға оралды. Қалған 11-і Суданда қала беруді ұйғарған. Олардың 10-ы Бади-Ашар қаласында тау-кен саласында жұмыс істейді. Ал біреуі «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының қызметкері екен. Ол да өз еркімен жергілікті халыққа көмектесемін деп сонда қалыпты. Олардың бәрімен байланыс бар, - дейді ведомство өкілі.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
-«Енді қазақстандықтар жұмыс істейтін компания басшысымен біз хабарластық. «Сізде біздің 10 азаматымыз жұмыс істейді. Егер де жағдай шиеленіссе, ары қарай не істейміз? Бірлесіп іс-әрекет жасайық», — деп келістік. Ол басшылықтың айтуы бойынша егер жағдай күрделенетін болса, онда сол Бади-Ашарда жұмыс істеп жатқан біздің жалпы сол компанияның қызметкерлерімен бірге сол елден шығарылатын болады.