Хабар телеарнасы

Ұлыбританияда пайыздық мөлшерлеме тағы өсті

Ұлыбританияның бас қаржы институты, проценттік мөлшерлемені соңғы 15 жылда болмаған ең жоғары деңгейге 4,5%-ке көтерді. Англия банкі шарықтаған инфляцияны ауыздықтаудың басқа амалын таппағандай. Елде азық-түлік, жарық пен газдың бағасы өсіп, қымбатшылық алқымнан алып тұр. 

 

Англия банкінің бағалауынша, тұтынушылық инфляция деңгейі бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 10,2% құраған. Яғни бұған дейін жасалған болжамдардан жоғары. Бірден-бір әсер еткен фактор азық-түліктің қымбаттауы және ол алдағы уақытта оңайлықпен арзандай қоймайтынға ұқсайды.

Эндрю Бэйли, Англия банкінің басқарушысы:
-Инфляция тым жоғары. Біздің міндетіміз оны 2% түсіріп, сол деңгейде ұстап тұру. Сондықтан біз банк мөлшерлемесін 0,25% тармаққа, яғни 4,5% дейін көтердік. Дегенімізге жету үшін біз осы бағытымызды ұстануымыз керек.

Проценттік мөлшерлеменің өсуі халықты қарыз алмауға, ақшаны аз жұмсауға және көбірек үнемдеуге ынталандыратыны рас. Бірақ таяқтың екінші ұшы несиесі бар адамдарға тиеді. Англиядағы тұрғын үй секторы жүргізген сауалнамаға сәйкес, шамамен халықтың үштен бірі ипотека төлейді. Проценттік мөлшерлемелер өскеннен кейін олардың банкке берешегі артпақ. Тұтынушы және авто несиесі барларға да оңай болмайды.

Джереми Хант, Ұлыбритания қаржы министрі:
-Әлбетте, проценттік мөлшерлеме өскендіктен банктерден несие алғандар қиналады. Бірақ басқа амал жоқ. Олай істемесек, қымбатшылық қысады. Бұл жылы рецессия болмайды деп Англия банкінің берген болжамы — жақсы жаңалық.

«Ұлыбритания экономикасын Үлкен жетілікке мүше елдердің көшіне ілестіру үшін Англия банкі жуырда проценттік мөлшерлемені тағы көтеруге мәжбүр болуы мүмкін», — дейді сарапшылар.

Кен Окороафор, сарапшы:
-Анығын айтсақ, Ұлыбритания экономикасының болашағы бұлыңғыр. Жағдай тұрақсыз. Кез-келген нәрсеге дайын болу қажет. Бір түсінгенім, Англия банкі мұнымен тоқтамайды. Алдағы жазда проценттік мөлшерлемені 5% көтеруі ықтимал.

Дәл осыған ұқсас жағдай 2008 жылғы бүкіләлемдік қаржы дағдарысы кезінде тіркелгені белгілі. Ол уақытта да бас қаржы институты базалық мөлшерлемені көтеруге мәжбүр болған. Болжамға сәйкес, жыл ішінде мөлшерлеме төмендеуі де мүмкін, бірақ оған ешкім кепілдік бере алмайды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы