Қазақстан-Қытай: телеөнімдер алмасу жанданады
Қытайда қазақ тілінде шығатын теле және аудио бағдарламалар қарқынды дамып келеді. Әсіресе заманауи озық медиа технологияларды қолдану арқылы контентті жедел тарату жолға қойылған.
Көрші елдегі аудитория қазақстандық телеөнімдерге айрықша қызығушылық танытып отыр. «Хабар» агенттігі Бейжіңде өтіп жатқан халықаралық аудивизуалдық форумда Қытайдағы жетекші телекомпаниялар басшыларымен кездесіп, контент, технология алмасу бойынша келіссөздер жүргізді.
Көрші мемлекетте 2 млнға жуық қандасымыз тұрады. Оларды ана тіліндегі сапалы өніммен Шыңжаңдағы «Жібек жолы» телекомпаниясы қамтамасыз етіп отыр. Мұндағы әріптестер өз телеөнімдерін қазақстандық аудиторияға ұсынуға мүдделі екендіктерін жеткізді.
Ұлнұр Нәбижанқызы, Шыңжаң «Жібек жолы» медиа компаниясының бас директоры:
- Бүгінгі жиналыс бұл – Бейжіңде ең үлкен, қазіргі саладағы ең озық техникаларды, жақсы мазмұндарды халыққа көрсету үшін өткізіп жатыр. Мұнда 200-ден аса ірі компания қатысып, өндірген жақсы мазмұндарын, жақсы жоспарларын алып келіп отыр. Меніңше, Орталық Азия елдері Жунго елімен байланысы өте жақсы, достығы күшейіп келеді. Осы орайда техника, жақсы мазмұн жағынан көбірек ауыс-түйіс болса деймін.