Қытай туризмді дамытуға күш салып жатыр
Пандемия кезінде тоқыраған саланы дамыту үшін елде «Бір белдеу – бір жол» жобасына ерекше мән беріліп отыр. Қазір көне Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі шаһарларды жаңғыртып, инфрақұрылым, көлік қатынасын дамытып жатыр. Тіпті шекарасын да ашып тастады. Жүйелі жасалған іс-шаралардың арқасында туристер ағыла бастады.
Қашқар – әлемдегі ең танымал сауда орталығы. 2200 жылдық тарихы бар көне шаһар. Ұлы Жібек Жолының транзиттік нүктесі. Халық саны 4,5 млн асады. 90% астамы - ұйғыр ұлтының өкілдері. Қаланың ескі аудандарын аралаған кезде көне дәуірге түскендей күйде боласың.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Мынау мен тұрған үйдің 300 жылдық тарихы бар. Тарихи ақпарат көздеріне сенсек, бұл жерде сол заманның бай көпесі тұрған. Мынау арнайы қыш ыдыстарды сақтайтын бөлмесі, мынау шайхана. Ол көпестің ерекше қасиеті – келген қонақтарға тақия сыйға тартатын болған. Міне, сол үшін арнайы тақия сақтайтын қойма жасап қойған.
Қашқар 2010 жылы ерекше экономикалық аймақ болып бекітілген. Көне бөлігін ел үкіметі біршама жаңғыртып, туристік нысан ретінде сыртын қоршап берді. Алайда шаһарда күні бүгінге дейін адамдар өмір сүріп жатыр. Қабырғаның ішкі бөлігінде 40 мыңнан астам халық тұрады. Мәмет Ясын – темір ұстасы. Ол 40 жылдан бері темірден түйін түйеді. Сұранысқа қарай туристерге қызмет көрсетіп, керегін тапсырыспен әзірлеп береді.
Мәмет Ясын, ұста:
- Негізінен кетпен, күрек, кесе, таға, мынау секілді заттар жасаймын. Бұрын диқандар алатын. Қазір туристерге тәбәрік, естелік бұйым ретінде сатамыз. Сұраныс көп. Тапсырыспен де жұмыс істейміз. Биыл саяхатшылар көбейді. Жазда мына жерде адам толып, сыймай кетеді. Саудамыз да жүріп тұр.
Келген меймандарға күніне екі мәрте қақпаны ашу рәсімі ұйымдастырылады. Қойылым қойып, ұлттық би билеп, салт-дәстүрлерімен таныстырады. Бір сөзбен айтқанда, туристерді қызықтырады. Қазір шекара ашылып, саяхатшылар ағыла бастады. Биыл жыл басынан бері тек ішкі туристердің саны 315 млн асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 119% көп. Ал түскен табыс 3,5 млрд АҚШ долларына жеткен.
Раушан Ибрагимова, саяхатшы:
- Қызметі, әрине, өте жоғары. Сапалы. Өздерің байқап қарасаңыз барлық жері, қала да таза. Жасап жатқан адамдардың тірлігі де, сыпайы да. Өте жоғары сапада көрсетіліп жатыр. Сондықтан осындай сервисті біздің де Қазақстанда көрсетсек пе дейміз.
Туризм – аз уақыт ішінде мол қаражат әкелетін әлемдегі ең тиімді индустрия. Қытай мемлекеті оны дамытуға күш салып жатыр. Өмірі шекарасын өзге мемлекетке ашпаған ел біртіндеп қақпасын аша бастады. Оған түрткі - осы сала мен сауда-саттық, экономикалық қарым-қатынас.
Руслан Бақытбекұлы