Өзбекстан жергілікті тауар өндірісін арттырып келеді
Өзбекстан қазір импортты алмастыру саясатын жалғастырып, жергілікті тауар өндірісін арттырып келеді. Сол арқылы экономикадағы тепе-теңдік сақталып отыр. Нарыққа ірі бизнес өкілдері мен әлеуетті инвесторларды тартып жатыр.
Көршімізде 2019 жылы құрылған бұл тұрмыстық техника зауыты қазір кең ауқымда жұмыс істей бастады. Кәсіпорында тоңазытқыш, салқындатқыш, кір жуғыш машина сынды тұрғын үйге қажетті қарапайым заттардың мыңдаған данасы шығарылып жатыр. Өндірістік бағыттағы өнімдер де бар. Оған негізінен жергілікті компаниялар тапсырыс береді. Халықтың шетелдік емес, отандық өнімге сұранысы жоғары.
5 жыл бұрын елде жүргізілген импортты алмастыру саясаты нәтижесін беріп жатыр. Небәрі 1 жылда 100 гектар аумақты қамтитын осындай технопарк ашылды. Содан бергі 4 жылда мұндағы зауыттар саны 17-ге жетіп, өндірілген өнім Орталық Азия елдеріне шығарылып жатыр.
Наргиз Шоисламова, Технопарк директорының орынбасары:
-Біз Қазақстанға өнімнің көптеген түрін экспорттаймыз. Атап айтқанда, өндірістік жылыту әрі салқындату жүйелері, лифт, кір жуғыш машиналар және панельдік радиаторлар. Қазақстандық әріптестерімізбен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Ондағылардың әсіресе ауруханаларға қажетті радиаторларға сұранысы артып келеді.
Зауытта әр 35 секунд сайын 1 кір жуғыш машина және небәрі 17 секундта тоңазытқыш құрастырылады. Өндірісті шоғырландыру процесі 40% жуықтаған.
Азиз Джалилов, сапаны бақылау бөлімінің басшысы:
-Жалпы өндіріс қарқыны жылына 1 млн кір қуғыш машина жасауға жетеді. 8 сағат ішінде аталған техниканың 600 данасын құрастырамыз. Алдағы уақытта италиялық компаниямен жаңа модельдерді шығаруды жоспарлап отырмыз. Онда арзан санаттағы техникадан бастап, премиум сапасына дейін өнімдер жасау жолға қойылады.
Мамандардың дені — жергілікті тұрғындар. Жалпы саны 5 мың адам технопаркте тер төгіп жүр. Зауытқа орналасар алдында олар арнайы оқытудан өтіп, техникалық біліктілігін жетілдіреді. Өзбекстанның тағы бір қуатты өнеркәсібі — машина құрастыру саласы. Кореялық және қытайлық компаниялар бұл істе әлеуетті инвестор атанып, бірқатар өңірде көлік жасау желісін құрған. Жыл сайын 200 мыңға жуық темір тұлпар жасалып, бір бөлігі шетелге экспортталады.
Юлий Юсупов, экономикалық сарапшы:
-Мемлекеттің экономикаға әсер ету үлесін азайту арқылы біз жеке сектордың дамуына жол ашамыз. Жаңа жұмыс орындары құрылады, шағын және орта бизнес қарқын алады. Сәйкесінше бәсекеге қабілетті нарық қалыптасады.
Ал жеңіл және тоқыма өнеркәсібі кең тыныс алғалы өзбекстандық киім-кешек алыс-жақын шетелде таныла бастады. Үкімет тарапынан кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Соңғысының пайыздық мөлшерлемесі жоғары дейтіндер де бар. Алайда жоқтан бар жасап, қосымша табыс тауып отырған кәсіпкерлер көп. Жалпы елде жұмыс күші арзан, тиісінше инвесторлардың қызығушылығы басым.
Авторы: Рауан Мыңбаев