Биыл Өзбекстанда алғашқы АЭС-тің құрылысы басталуы мүмкін
Биыл Өзбекстан тарихындағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталуы мүмкін. Жоспар бойынша қуаты 55 МВт болатын 6 реактор, Жызақ облысындағы Тузкан көлінің маңында салынбақ. Осы мақсатта көршіміз тағдыршешті таңдау жасап, құрылысты көп ұзатпай бастайтын болып келісті. Сонымен Өзбекстанда салынатын атом электр станциясы қандай болмақ және қашан пайдалануға беріледі?
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстан кейінгі бірнеше жылдан бері өз тарихындағы алғашқы атом электр станциясын салуға білек сыбана кірісіп жатыр. Алғашында оның қайда орналасатыны сала мамандарын әбден толғандырғаны рас. Ақыры түпкілікті шешім қабылданған сыңайлы. Енді өзбек жерінде де өндірілетін уран тек сыртқы нарыққа саудаланбайды. Бұл оның бір бөлігі елдің игілігіне бағытталып, кәдеге жарайды деген сөз.
Жызақ – Қазақстанмен шекаралас жатқан өңір. Аймақта Арнасай көлдер жүйесіне кіретін Тузкан атты су айдыны бар. Сол жерге Өзбекстанның алғашқы атом электр станциясы салынады. Қуаттылығы аз 6 реактор іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ресейлік компания құрылыстың бас мердігері ретінде таңдалған. Одан бөлек, жобаға өзбекстандық компаниялар да тартылмақ.
Бахтиёр Эргашев, MA'NO зерттеу бастамалары орталығының директоры:
- Атом электр станциясының Орталық Азия елдері үшін ұтымды тұстары көп. Сондықтан түрлі қуаттағы АЭС-терді салу энергия алмасу процесін сақтап тұруға бағытталған. Тек белгілі бір шикізат көздеріне тәуелді болып отыру орынсыз. Бұған дейін Өзбекстан қуаты 2,4 млрд МВт болатын үлкен АЭС салуды жоспарлаған. Дегенмен қазір оның орнына аз қуатты станция салу жөнінде шешім қабылданды.
Өзбекстанда салынатын АЭС-тің реакторлары «РИТМ-200Н» деп аталады. Әрқайсысы өндіретін электр энергиясы 55 МВт-қа тең. Ал қызмет ету мерзімі 60 жыл. Якутияда осы технология негізінде жаңа станция салынып жатыр. Енді бұл тізімге көршіміз де қосылады.
Өзбекстандық сарапшылардың пайымынша, нысанның қауіпсіздігі көп деңгейлі механизмдер арқылы қамтамасыз етіледі. Негізгі құрылыс жұмыстары күзде басталып, 2029 жылы аяқталады.
Равшан Назаров, ӨР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері:
- Өзбекстан Орталық Азия өңірінде бірінші болып аз қуатты АЭС салатын болды. Ал Қазақстанда өкінішке қарай жаппай радиофобияның белгілері бар. Өйткені ұзақ жылдар бойы бұл елде ядролық қарудың сынақтары өтті, адамдар оның зардабын тартты. Бұл ретте Қазақстан үкіметінің жалпыхалықтық референдум өткізуі құптарлық іс. Нәтижесінде шешім қолдау тапса, онда Қазақстан да АЭС салуға кіріседі деп ойлаймын. Осы орайда бауырлас қазақ халқы даналық танытып, ұлт үшін ұтымды шешім қабылдайды деп сенемін.
Дегенмен көрші елде электр энергиясының тапшылығын шешуге бағытталған басқа да бастамалар іске асырылып жатыр. Соның бірі – күн панельдерін орнату және жел электр станцияларының санын көбейту. Бұл ретте мамандар жаңартылған энергия көздеріне тән бірнеше кемшілік барын да айтады. Мәселен, күн батареялары кешкі уақытта, яғни электр энергиясы ең көп қолданылатын кезде қажеттілікті өтей алмайды. Сондықтан мемлекет қуаттылығы жоғары технологияларды енгізуге көбірек көңіл бөлуге кіріскен.
Рауан Мыңбаев