Хабар телеарнасы

АЭС: Оңтүстік Корея 2038 жылға дейін жаңа 6 реактор салуды көздеп отыр

Оңтүстік Кореяда ядролық салада бірде-бір төтенше жағдай болған жоқ. Мұнда атом электр станциясының алғашқы реакторы 1978 жылы іске қосылды. Қазір елде 23 энергоблок жұмыс істейді. Олар жалпы электр энергиясының үштен бір бөлігін өндіреді. Үкімет 2038 жылға дейін жаңа 6 реактор салуды көздеп отыр. Жасанды интеллект саласының дамуына байланысты 2030 жылға дейін жартылай өткізгіштер өндірісі мен деректер өңдеу орталықтары жағынан электр энергиясына сұраныс екі есе артады деген болжам бар.

Лим Сын Ёль, Оңтүстік Корея Гидро және атом энергетика корпорациясының департамент директоры:
-Кореяда атом электр станцияларын елу жылдай пайдаланып келеді. Осы уақытта өздерінің беріктігі мен қауіпсіздігін көрсетті. Қазір атом технологияларымыз шетелде де танымал. Мысалға, біз Біріккен Араб Әмірліктерінде Барака атом электр станциясын салдық. Фукусимадағы апаттан кейін үкіметтің басқаруымен компаниямыз отандық атом электр станцияларын тексерді. Осының нәтижесінде қауіпсіздік шараларын күшейтуге арналған қысқа және ұзақ мерзімді 56 іс-шара қабылдадық. Арасында зілзала және цунами кезінде әрекет ету тәртібі қарастырылған.

Уақыт өткен сайын әлемде энергия тапшылығы артып келеді. Бүгінде дүниежүзі бойынша 733 млн тұрғын электр қуатына қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселе Қытайда да өткір тұр. Шығыстағы көршіміз осы мәселені ядролық энергетика көмегімен шешпек. Қазірдің өзінде 57 станцияның игілігін көріп отыр. Енді алдағы 5 жылда тағы 47 реактор салады. Қытай ұлттық ядролық корпорациясының вице-президенті Чао Ганның айтуынша, атом электр станциясы арзан әрі таза энергиямен қамтумен қатар өңірдің экономикалық өркендеуіне серпін береді.

Чао Ган, Қытай ұлттық ядролық корпорациясының вице-президенті: 
-Атом электр станциясы мыңдаған жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар айналасындағы елді мекендерді ауаны ластамайтын таза энергиямен жабдықтайды. Осылай ядролық өнеркәсіп халықтың тұрмысын жақсартып, оларға мол пайда әкеледі.