Хабар телеарнасы

Сергей Дмитриев: Бейбіт атомның қарапайым жұртқа әкелетін пайдасы зор

Ядролық физика Қазақстанда жақсы дамыған. Бұл сөзімізге дәлел: Алматыдағы ядролық физика институты және Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты – бүкіл әлемге әйгілі ғылыми орталықтар. Қазақстандық жас ғалымдар Ресейдің Біріккен ядролық зерттеулер институтында жұмыс істеп жатыр.

Қазақстандық ғалымдар Мәскеу облысының Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институтында жұмыс істейді. Осы үкіметаралық ұйымға 16 мемлекет мүше. Ал ғылыми бағдарламасына 60 елдің бір мыңға жуық ғылыми орталығы мен университеті қатысып отыр. Осында жұмыс істейтін қызметкерлер саны бойынша Қазақстан Ресейден кейінгі екінші ел.

Сергей Дмитриев, Біріккен ядролық зерттеулер институты директорының орынбасары:
-Бізде 100-дей қазақстандық маман жұмыс істейді. Университетімізде білім алған жүздеген қазақстандық студент отанына оралды. Бейбіт атомның қарапайым жұртқа әкелетін пайдасы зор. Бұл – ядролық медицина, бұл - радиофармпрепараттар, мұның бәрі адамзаттың дамуына өте қажет салалар.

Бейбіт атомды зерттеу аясында қазақстандық физиктер жаңа андрон коллайдерін жасау және аса ауыр жаңа химиялық элементтерді ашу секілді халықаралық орталықтың барлық зерттеулеріне қатысып отыр.

Мерей Тезекбаева, тәжірибелік физика зертханасының кіші ғылыми қызметкері:
-Соңғы бірнеше жылда зертханамызда аса ауыр 6 жаңа элемент және трансактиноид элементтерінің жаңа 50 изотопы ашылды. Осы тәжірибелерді қазақстандық жас ғалымдар мен студенттер өткізеді.

Данияр Беріков, нейтрон физика зертханасының ғылыми қызметкері:
-Зертханамыз нейтрон физикасы және реакторлар физикасы салаларында ядролық реакцияларды зерттейді. Қазір бізде 21 қазақстандық жұмыс істейді, алтауының ғылыми дәрежесі бар.

Ядролық зерттеулер институты қазақстандық ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Олардың арасында Алматыдағы ядролық физика институты да бар.

Юрий Копач, нейтрон физика зертханасы директорының орынбасары:
-Сол жерде де нейтрон реакторы бар. Қазақстаннан мамандар біздің реакторымызда жұмыс істеп, әдістемемізді меңгеріп алады. Сосын оны Қазақстанда қолданады.

Жас ғалымдарымыз Қазақстан мен ядролық зерттеулер институтының медицина саласындағы бірлескен жобаларына белсенді атсалыспақ. Осыдан кейін елімізде озық зерттеу құрылғылары жасалады.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров