Ливандағы жағдай ушығып барады
Хезболла Израильдің әскери базасын атқылап, 4 жауынгерін өлтірді. Ливанның өзінде бір тәулікте 51 адам қаза болды. Сондай-ақ БҰҰ-ның тағы бір бітімгері жараланды. Ал Иран соғысқа дайын екенін ресми мәлімдеді. Тегераннан төнген қауіпке байланысты АҚШ Израильдің әуе қорғанысын күшейтуге көмектесетінін айтты.
Хезболла Израильдің солтүстігіндегі әскери базаны дрондардың үйірімен шабуылдады. Салдарынан 4 жауынгер қаза тауып, 67 адам жарақат алды. Бұл әскери қимыл басталғалы Хезболланың ең жойқын шабуылы болды. Сондай-ақ бүгін түнде және күндіз Израильдің солтүстігіндегі Хайфа қаласын атқылады.
Израиль әскери өкілдерінің мәлімдеуінше, 115 зымыраның көбін қағып түсірген. Біреуі ашық далаға құлап жарылды. Ал Ливанның өзінде Израиль соққыларынан бір тәулікте 51 адам қаза болды. Рамия ауылына шабуыл кезінде, Біріккен Ұлттар Ұйымы бітімгерлерінің тағы бір сарбазы жарақат алды. Бұл соңғы күндері жараланған бесінші бітімгер.
БҰҰ-ның Бас хатшысы және Еуроодақ басшылығы Израильдің осы әрекетін қатал сынға алды. АҚШ президенті де бітімгерлерге шабуыл жасамауды талап етті.
Тілші қыз:
- Президент мырза, сіз Израильден Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлеріне шабуыл жасамауды талап еттіңіз бе?
Байден:
- Иә, әрине, талап еттім.
Ал Израиль Біріккен Ұлттар Ұйымынан Ливаннан сарбаздарын дереу шығаруын сұрап отыр.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Бітімгерлерге зиян келтірілгені өкінішті және мұндай жағдай мүмкіндігінше қайталанбауы тиіс деп есептейміз. Бірақ бұған жетудің ең оңай әдісі – оларды қауіпті аймақтан шығару.
Сондай-ақ АҚШ Израиль аумағында өзінің зымырандардан қорғану жүйесін орналастыратыны белгілі болды. Бұл Израильдің Иранға жауапты шабуыл жасауға дайындық шарасы секілді. Сарапшылардың пікірінше, Тель-Авив бұл елдің мұнай өндіру мен ядролық кешендеріне соққы жасауы мүмкін. Иран сыртқы істер министрі елі соғысқа дайын екенін мәлімдеді.
Аббас Аракчи, Иранның сыртқы істер министрі:
- Біз соғысқа дайынбыз, бірақ бейбітшілікті қалаймыз. Соғыстан қорықпаймыз, бірақ Ливан мен Газа секторында бейбітшілік орнатуға тырысамыз.
Халықаралық қауымдастық соғыс зардабын тартқан Ливан халқына қайырымдылық көмек жеткізіп жатыр. Әсіресе араб елдері белсенді. Бүгін Сауд Арабиясының билік өкілдері күн сайын 60-80 тонна жәрдем жіберетінін мәлімдеді. Біріккен Араб Әмірліктері де 200 тонна азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар жинады.
Бекболат Тұрмаханов