Қазақстан – Өзбекстан сауда көлемі сегіз айда $2,5 млрд-қа жеткен
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемі биылғы сегіз айда 2,5 млрд долларға жеткен. Бұл туралы Самарқандта «Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық форумында айтылды. Оған қос елдің премьер-министрі Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов қатысты. Тараптар су, энергетика, транзит, көлік, газ салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Әрі инвестиция көлемі 3 млрд доллардан асатын 74 бірлескен жобаны іске асыруға ерекше назар аударды. Бұл Қазақстанда 13 мыңнан астам жұмыс орны бар 65 кәсіпорын ашуға мүмкіндік бермек. Жалпы іскерлік форум шеңберінде тараптар құны 352 млн доллардан асатын 76 құжатқа қол қойды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазіргі кезде біздің алдымызда тауар айналымын 10 млрд долларға дейін ұлғайту бойынша ауқымды міндет тұр. Игі дәстүрге айналған біздің екіжақты кездесуіміз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің өзара достық, ерекше құрмет рухына сай келетінін атап өткім келеді.