Таяу Шығыстағы ахуал
Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал қандай екенін айта кетейік. Израиль әскері Ливанның солтүстігіне әуе соққысын жасап, 28 адам мерт болды. Тағы ондаған адам жарақат алды. Әдетте Израиль Хезболла жасақшылары шоғырланған Бейрут пен елдің оңтүстігін бомбалайды. Салдарынан жүздеген мың адам Ливанның солтүстігіне көшкен болатын. Ал енді өз елінде қауіпсіз жер қалмағандықтан көршілес Сирияға ағыла бастады. Арасында осыдан он жыл бұрын соғыстан қашқан сириялықтар да көп. Алайда ұзаққа созылған азамат соғысының зардабын тартқан Сирияда жағдай мәз емес. Оған қоса батыс елдері осыдан 13 жыл бұрын бұл елге қарсы санкциялар қабылдаған. Елдегі қайырымдылық ұйымдар босқындарға қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Бірақ азық-түлік, отын мен дәрі-дәрмек жетіспейді. Күн суыта бастағандықтан, жылы киім де қажет. Айта кету керек, Араб мемлекеттері лигасы Эр-Риядта өткен араб пен ислам елдерінің саммитінде Израильді БҰҰ құрамынан шығаруды талап етті.