Тұмаудың өршуіне байланысты Еуропа елдерінде эпидемия жарияланды – әлем жаңалықтары
Еуропа елдерінің көбінде тұмаудың өршуіне байланысты эпидемия жарияланды. Испанияда ауруханаларда бетперде кию міндеттелді. Ал Қытайда мета-пневмавирус өршіп барады.
Бельгияда тұмау індеті әдеттегіден екі апта ерте басталған. Әр 100 мың тұрғынның жүз он бесі дәрігерлік көмекке жүгінген7 Вирусологтардың болжамынша, алдағы апталарда науқастар саны арта түседі. Зертхана сараптамаларына сәйкес адамдар тұмаудың Би штаммы, бронхиолит және COVID-19 вирустары жұққан. Тиісті ем-шараларды қабылдаған науқастардың көбі бір аптада жазылады. Алайда егде жастағы кісілер мен созылмалы ауруларға шалдыққан адамдарда дерт асқынып, өкпесі қабынуы мүмкін.
Францияда да мұрны бітеліп, жөтелі күшейгендердің қарасы көп. Әсіресе 15 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан қарттар арасында ауру асқынып тұр. Оған себеп ауруға қарсы тиісті вакцинаны дер кезінде алмау дейді, дәрігерлер. Францияның Қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің мәліметі бойынша, былтырғы жылдың соңғы аптасында елдегі өлім-жітімнің шамамен 4% -ы тұмаумен байланысты болған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда екі есе көп. Жалпы, Францияда жыл сайын қыста 6 миллиондай адам тұмауға шалдығады.
Ал Германияда тұмау жұқтырғандардың саны Рождество мейрамынан кейін күрт артқан. Роберт Кох институтының мамандары елдің денсаулық сақтау жүйесіне екі есе салмақ түскенін айтады. Сондай-ақ, сарапшылар, тұмау мен COVID-19-дың бір мезгілде өршу қаупін ескере отырып, осы маусымда екпе алу өте маңызды екенін айтады.
Қытайда мета-пневмавирус өршіп барады. Жұқпалы ауру жаппай тарап жатыр. Әсіресе балалар арасында дендеп тұр. Алайда бұл жаңа вирус емес. Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының қызметкерлері мәліметіне сүйенсек бұл аурудың қоздырғышы әлемде 60 жылдан бері таралған. Бірақ ғалымдар тек 2000-жылдары ғана зерттеп анықтаған көрінеді. Негізінен жеңіл түрде өткенімен дер кезінде емделмесе арты түрлі асқынуларға алып келуі мүмкін. Әсіресе жаңа туылған нәрестелер мен егде жастағы, иммунитеті төмен адамдар үшін қауіпті. Бүгінгі күнге дейін инфекцияның қанша адамнан анықталғандығы, адам өлімі жайында ресми ақпарат жоқ. Қытай билігі бұл жөнінде тіс жармай отыр. Алайда ауруханаларда ұзын-сонар кезек қалыптасты.