Digital Almaty 2021: мамандар ақпараттық технологияның мүмкіндіктері туралы ойларын ортаға салды
Бұл туралы Алматыда өткен «Digital Almaty 2021» халықаралық форумында талқыланды.
Осы жиында Асқар Мамин Мемлекет басшысының биылғы жылды мемлекетімізді тиімді цифрландыру жылы деп өткізуді тапсырғанын да атап өтті.
«Цифрлық қайта жаңғыру: жаңа жағдайға серпіліс» аталған іс-шарада заманауи технология, ақпарат және өзге де өзекті тақырыптар қамтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Almaty 2021» форумына қатысушыларға бейнеүндеу жасады. Жиында Президент «Болашақ – технологиялар мен инновациялардың еншісінде», – деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салада бәсекелестіктің өте жоғары екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, биыл техникалық һәм технологиялық нарық және бағдарламалар жасанды интеллектіге бағытталады. Сымсыз ғаламтор мен сандық жүйелердің үлесі 35% артып, 12 млрд АҚШ долларына жетеді. 2025 жылға қарай мәліметтердің 70% жуығы 5G технологиясы арқылы өңделеді. Сондай-ақ елде жасанды интеллектінің ұлттық кластері құрылады. Бұған қыруар инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Назарбаев Университетінің базасында жасанды интеллектінің ұлттық кластері құрылады. Ауқымды ақпаратты тиімді өңдеу үшін деректер орталықтары жасақталады. Алдағы бес жылда біз осы бағытқа шамамен 500 миллиард теңге немесе миллиард доллардан астам инвестиция тартуды жоспарлап отырмыз. Әрине, біз Одақтағы және аймақтағы серіктестерімізді жан-жақты ынтымақтастыққа шақырамыз.
Михаил Мясникович, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы:
- Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде 89 интеграцияланған ақпараттық жүйені енгізу бағдарламасы қабылданды. Оның әзірге соның 19-ы ғана іске қосылды. Бірақ жұмыс қарқынын арттырып, алдағы уақытта 48 жобаны жүзеге асырамыз. Техникалық жобалары дайын.
Форумда бүгінгі таңда өзекті саналатын тақырып – пандемия кезеңінде цифрландырудың басты мақсаттары, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жолдары мен нәтижелері сөз болды. Сонымен қатар жекелеген елдердегі цифрландыруда қол жеткізген нәтиже айтылды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды мемлекетімізді тиімді цифрландыру жылы деп өткізуді тапсырды. Қазірдің өзінде біз «ауқымды деректер» қағидаттарын мемлекеттік органдардың жұмысына терең интеграциялау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. «Data-driven government» тұжырымдамасы деректер жинауды мен өңдеуден, әзірлеуден бастап, тиімді мониторинг жүргізуге дейінгі барлық кезеңде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырудың факторына айналады.
Жалпы жиында 13 панельдік сессия өтті. Спикерлердің басым көпшілігі онлайн қосылды. Форумда денсаулық сақтау, өндіріс пен өнеркәсіпті, логистика және өзге де салаларды цифрландырудың тәжірибелері ұсынылды. Мамандар цифрлық білім беру ортасы, IT экожүйесінің даму жолдары, сондай-ақ пандемия кезіндегі индустрияны және цифрлық сауаттылық пен қауіпсіздікті дамыту үшін маңызды тақырыптарды талқылады.
Авторлары: Алмас Сәдуақас, Сержан Жұмабаев, Әбен Нарынбаев, Эдуард Кон