Алматылық оқушылар түтіннен бояу жасаудың тың тәсілін ойлап тапты. Бір қарағанда жай қара сия сияқты көрінгенімен, оның артында үлкен экологиялық идея жатыр. 16 жастағы Нарминахон бастаған команда ауадағы түтін мен шаң-тозаңды жинап, құрамындағы көміртекті бөлшектерді тазартқан. Оны 9 рет сүзгіден өткізген. Осылайша, «Ауалайн» деп аталатын қара сия пайда болған. Қазір бұл сиямен оқушылар экосөмкелерді безендіріп жүр. Муралдар мен инсталляцияларды да осы бояумен салуды жоспарлап отыр. «LaunchZone» стартап байқауында 8 елден қатысқан 350 жоба ішінде екінші орынды иеленіп, шетел инвесторларының қызығушылығын тудырған. Жас өнертапқыштардың бұл бастамасы Алматы экологиясына ел назарын аударуды көздейді.
Нарминахон Иманғалиева, мектеп оқушысы:
- Бояудың негізі ретінде біз күйені қолданамыз. Бұл ластанған ауадан алынған көміртекті қатты бөлшектер. Қазір палитрамызда тек қара түс бар. Алдағы уақытта 300 тоннаға дейін көміртекті пигментті өңдеп, өнім түрлерін кеңейту және әлемдік нарыққа шығу жоспарда бар.