Оқушыларға вакцина салу талап етілуі мүмкін бе?
Коронавирусқа қатысты ахуал күннен-күнге өзгеріп, құбылып отырған тұста мектептерде оқу қауіпсіз бе? Елдің өңірлерінің басым бөлігі «қызыл аймақ» тізімінде тұр. Мұғалімдер мен оқушыларға қандай талаптар қойылады? Мектептеріміз қандай жағдайда? Осы және басқа да сұрақтарға Білім және Ғылым Министрлігі бюджеттік жоспарлау департаментінің бас сарапшысы Жайық Мақсұтов жауап береді.
Жайық Жұмабайұлы, қазіргі таңда елімізде қанша апатты және үшауысымды мектеп бар? Олардың мәселесі қай жылға дейін шешімін таппақ?
Жайық Махсұтов, ҚР БҒМ Бюджеттік жоспарлау департаментінің бас сарапшысы:
- Қазіргі таңда ұлттық білім беру деректері базасына сәйкес елімізде 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істеуде. Оның ішінде 34 мектеп апатты деп танылды және 137 мектеп үшауысымды негізде білім беруде. Сонымен қатар оқушы орындарының тапшылығы 1000 орынды құрайды. 2025 жылға қарай оқушы орнының тапшылығы 476 мыңға дейін өседі деп күтілуде. Осы міндетті шешу үшін «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының шеңберінде Үкіметтің жаңа 800 мектеп салу жоспары әзірленді. 2021, 2022 жылдары 200 мектептен, 2023 жылы 170 мектеп, 2024 жылы 143 мектеп, 2025 жылы 87 мектеп салу жоспарлануда. Бұл оқушы орындарының тапшылығын 45% қысқартып, апатты жағдайдағы 34 мектептің мәселесі шешіледі деп күтілуде. Сондай-ақ 232 жекеменшік мектеп ашылады. Бұл оқушы орындарының тапшылығын 15% қысқартады.
Сонымен қатар ата-аналарды және білім беру саласында жұмыс істейтін көрерменді мазалайтын сұрақтар вирустан сақтану шаралары екені сөзсіз. Ол сұрақтарға Білім және Ғылым Министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев жауап береді.
Мұғалімдерді вакцинациялау қалай өтіп жатыр? Мұғалімдерден кейін оқушылар арасында иммундау талап етілуі мүмкін бе?
Жомарт Карамбаев, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазіргі таңда мұғалімдерді вакцинациялаудан өткізу штаттық режимде өтіп жатыр. Мұғалімдер ғана емес, барлық білім беру ұйымының қызметкерлері де вакцина алуда. Бүгінгі таңда 80% астам мұғалімдер мен қызметкерлер вакцина салдырды. Ал оқушыларға келсек, балаларды жас ерекшелігіне қарай вакцинадан өткізу министрліктің құзіретіне жатпайды деп есептеймін. Менің ойымша, вакцинаны балаларға салу үшін арнайы тексерістен өткізу керек. Бұл сұрақты Денсаулық сақтау министрлігіне қою керек деп есептеймін.
Жақында Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мектеп жасындағы балалармен тұратын барлық ересек вакцина алуы тиіс екенін айтты. «Тек осы жағдайда ғана балалар еш шектеусіз офлайн режимінде оқи алады», - деді. Егер ата-аналардың бірі екпе алмаса, бала мектепте оқуға жіберілмей қалуы мүмкін бе?
Жомарт Карамбаев, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл сұраққа жауап бермес бұрын естеріңізге сала кетейін, дәстүрлі форматта оқыту тәжірибемізде бар. Өткен оқу жылында барлық оқушы қашықтан оқыды деп айта алмаймыз. Өйткені былтыр 300 орынды мектептер жыл бойы дәстүрлі форматта оқыды. Сондай-ақ 1-5 сынып оқушыларына кезекші сыныптар ашылды. Кейін 3-тоқсаннан бастап «жасыл» және «сары» аймақта орналасқан елді мекендерде барлық оқушы мектепке барып білім алды.
Егер оқушының ата-анасы вакцина алмаса, мектепке жіберілмейді деген талап министрлік тарапынан қойылмады. Әдістемелік-нұсқаулық талаптары бойынша, оқушы науқаспен байланыста болса немесе ауырып қалса, қашықтан оқытуға ауыстырылады.
Қазір криминогендік ахуал да ушығып тұрған кезде балаларымыздың қауіпсіздігі мәселесі де өзекті. Осыған орай білім ошақтарындағы «Дабыл түймелері» қалай жұмыс істейді?
Жомарт Карамбаев, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазіргі таңда министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірге балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша жол картасын әзірледі. Бұл жол картасына сәйкес, мектептерді «дабыл түймелерінен» басқа, арнайы күзетпен, турникеттермен және бейнебақылаумен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған.
Жайық Жұмабайұлы, осы пандемия кесірінен бізде ғана емес, жалпы әлем бойынша баға құбылып тұрған шақта құрылысы немесе жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатқан, уақытылы аяқталмауы мүмкін мектептер бар ма?
Жайық Махсұтов, ҚР БҒМ Бюджеттік жоспарлау департаментінің бас сарапшысы:
- Биыл 200 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл жобалар бойынша жергілікті атқарушы органдар қымбаттауды мәлімдеген жоқ.