Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын 64 түлек бітірді
Ақтөбеде Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын тәмамдаған 64 түлекке бүгін салтанатты түрде диплом мен лейтенант шені берілді.
Оқудың толық курсынан өткен авиация саласының мамандары заманауи үлгідегі ұшу техникаларын басқарудың қыр-сырын меңгерген. Білімді де білікті жас офицерлердің шарасына қала тұрғындары да куә болды.
Бұл әскери оқу орнын тәмамдаған жастардың соңғы маршы. Жыл сайынғы дәстүрге сәйкес, институттың түлектері орталық көшелер арқылы Тұңғыш Президент атындағы саябаққа дейін жүріп өтеді. Төрт жылдан астам білім алып, нағыз офицерге айналған жастар үшін қобалжуға толы күн. Дегенмен мектеп жасынан-ақ әскери саланың маманы атануды армандаған Алекс Жұмағұлов секілді ұландардың енді ел үшін еңбек ететін уақыт жеткеніне қуанышты.
Алекс Жұмағұлов, түлек:
-Менің институтым маған туған үйдей болып кетті. Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын. Біздің мұғалімдер айтқандай, армияда ешқашан оқу бітпейді. Әскери авиа базаларға барып, әрі қарай оқуымызды жалғастырамыз. Қай жерге түсемін, сол жерде қызмет атқарамын.
Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын бұл жолы 11 мамандық бойынша 64 түлек бітіріп шықты. Олар алғашқы курстарда-ақ білімін тәжірибемен де ұштастырып, барлық тиісті талаптан өткен. Құрылымы күрделі соңғы үлгідегі ұшақтар мен тікұшақтарды да басқаруды меңгерген. Енді еліміздің қарулы күштерінен өзге ұлттық қауіпсіздік комитетінде және Ішкі істер министрлігінің арнайы бөлімшелерінде де қызмет ете алады.
Фёдор Стрелков, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты бастығының бірінші орынбасары:
-Бұлардың әрқайсысы қызметпен қамтылады және тұрғын үй, тиісті төлемдер беріледі. Ал алғашқы лейтенанттық еңбек демалысы аяқталған соң, әскери бөлімдерге барып, іске кіріседі. Ол жақта Қорғаныс министрлігі белгілеген міндеттерге сай жұмыс істейді.
Болашақ ұшқыштар дайындайтын оқу орнын бүгінге дейін мыңдаған маман бітірген. Оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында одақтас саналатын бірнеше Орталық Азия елдерінің азаматтары да бар.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев