Семейдегі биологиялық орталыққа Алматы хайуанаттар бағынан екі кенгуру әкелінді. 4 жасар жануарларды жергілікті жұрт «Тик» пен «Так» деп атап жүр. Олар Австралиядан Алматыға, сосын Семейге жеткізілген. Жаңа ортаға бейімделіп алғаны байқалады. Тәбеті жақсы, адамдарды жатырқамайды,- дейді мамандар. Күн суытып, қыс түскенде олар температурасы 25-30 градус болатын арнайы павильонға орналастырылады. Күнделікті ас мәзіріне, қажетті дәрумендер қосылады. Жалпы, Семейдегі биологиялық орталықта 500-ден аса аң-құс бар. Оның бірқатары Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Юлия Миршанова, биологиялық орталық директорының орынбасары:
- Күтіміне келсек, аса қиындық тудырмайды. Жуас, адамнан жатырқамайтын жануарлар. Қазір олар жазғы вольерде тұр. Ауа температурасы төмендеп, күн суыта бастағанда, қысқы павильонға ауыстырамыз.
Альмира Маулетова, қала тұрғыны:
- Хабарламаны көріп кенгуру келгенін көріп, балаларды алып келген болатынбыз. Балалар өте риза, мәз. Барлығы ұнап жатыр. Ризамыз осы біздің Семей қаламызда биологиялық орталыққа жаңадан жануарлардың келіп жатқанына. Көркейе берсін.