Шығыс Қазақстанда жылумен жабдықтау мекемелерінде жалпы 300-ге тарта маман жетіспейді. Кадр тапшылығы облыс орталығы Өскеменмен қатар, шалғайдағы шағын шаһарларда да өзекті. Кәсіпорын басшылары жергілікті колледж түлектерін өзімізге тартып, амалдап келеміз,-дейді. Алайда жастар көп тұрақтамайды деп алаңдаулы. Бұған не себеп? Кадр жетіспеушілігін жою үшін қандай шаралар қолға алынды?
Алтай қаласында 35 мың адамды жылумен қамтып отырған қазандықта маман тапшы. Бас инженер Игорь Михайленконың айтуынша, жастардың келгенінен кеткені тез. Тәжірибе жинақтаған соң көбінесе жекеменшік салаға бет бұрады немесе жалақысы жоғары ұйымдарды таңдайды.
Игорь Михайленко, кәсіпорынның бас инженері:
- Біздегі норматтив бір жабдыққа қызмет көрсететін адам санымен анықталады. Жылумен қамту бағытында 360 адам болу керек, бірақ қазір 255 адам ғана еңбек етіп жүр. Мұндағы орташа жалақы 362 мың теңге. Бұны келген жастар місе тұтпайды.
40 жылдық қазандықтағы әрбір жабдықты уақтылы жөндеу маңызды. Сол себепті басшылық тығырықтан шығу үшін жергілікті колледжбен әріптестік орнатқан. Темірлан Сембаев - электр дәнекерлеуші мамандығына машықтанып жүрген студент. Болашақта қазандыққа барып жұмыс істеуді жоспарлап жүр.
Темірлан Сембаев, технологиялық колледж студенті:
- Қазір іс-тәжірибеден өтіп жүрмін. Электр қозғалтқыштарының жұмысымен таныстым. Мен оқып жатқан мамандықтың сұранысқа ие екенін білемін. Болашақта осы қалада жұмыс істесем деймін.
Сұраныстың жоғары екенін техникалық университет өкілдері де растап отыр. Жылу және электр энергетикасы бағытында 600 студент білім алып жатыр. Ал кәсіпорындар болса дуалды оқыту жүйесі арқасында сол жастарды қазірден өзіне тартуға тырысып бағуда.
Әсия Мәшекенова, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ проректоры:
- Дуалды бағдарлама барысында студенттер сол мекемеге жұмысқа тұратынын алдын-ала біледі. Ол жақта іс тәжірибеден өте жүре жалақы алады. Бұл әрине жастарға үлкен күш-жігер беріп, ынталандырады.
«Жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету де маңызды»,- дейді сала басшылары. Сондықтан қазір өлкеде жылу энергетикасы мамандарын баспанамен қамту қолға алынған.
Досжан Сейіткамалов, ШҚО энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- 2024 жылы 17 маман жылу жабдықтаушы ұйымдарда жұмыс істейтін 17 отбасы үйлі болды. Былтыр шамамен 35 отбасы сондай нәтижеге қол жеткізді.
Жауаптылар, саладағы кадр тапшылығын шешудің тиімді жолдарын әлі де қарастырмақ. Өйткені алдағы уақытта облыста тағы бір Жылу электр орталығы салынады. Демек, энергетик мамандарға деген сұраныс бұдан да артады.
Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.