Азиада-2026: Қазақстан мергендері күміс медаль жеңіп алды

  • 5
  • 23.09.2026, 18:52

ХХ Азия ойындарының сәрсенбілік жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін жемісті болды. Велосипедші Алексей Луценко жапон жерінде екінші алтынын алса, мергендердің де қанжығасы майланды. Сондай-ақ жеңіл атлеттер де қоржынымызға алғашқы жүлдесін салып отыр.

Күн шығыс елі болғандықтан Жапон жеріндегі дүбірлі дода нағыз қызып жатқан шақта, біздер ұйқыдан енді оянып жатамыз. Таңалакеуімдегі тамаша жаңалықтар көңілді бір көтеріп тастайтыны рас. Бүгін спортшыларымыз бірінен кейін бірі жүлде алып қоржынымыздың қос бүйірін қомпайтып қойды. Алдымен алтын жәйлі әңмелесек. Велоспиедшілеріміз Вуельта мен Тур де Франс немесе Джиро д Италия жарыстарында жүлде алмаса да Азияда алдына жан салмайды. Бүгін Алексей Луценко алтынмен қоса тағы бір рекорд тіркеді. Яғни құрлық додасында ең көп алтын алған спортшы ретінде ел тарихына енді. Осыдан кейін велошабандоз Қазақстан құрамасының сапындағы мансабын аяқтапты. Дәл осы топтық сында жерлесіміз Евгений Федоров күміс алды. Николя Винокуровта сәл тырысқанда жеңіс тұғырында тек Қазақстандық спортшылар тұрар еді. 

Бүгін біраз спорт түрінен алғашқы жүлделер қоржынға түсті. Атап айтсақ құралайды көзге атқан мергендеріміз әсіресе бұрымдылардың атқан оқтары нысанаға дөп тиіп, стенд атуда Қазақстан құрамасы командалық сайыста Қытайға ғана жол беріп күміс жүлдеге ие болды. Әсем Орынбай мен Зоя Пискун және Адел Садақбаева үштігі мамандар сенімін ақтады. Жекелей сында да құры алақан қалған жоқпыз. Іріктеуден іркілмей өткен Әсем Орынбай финалда Азияның сұрмергендерімен сынасып тартысты өткен бәсекеде қандасымызға қола бұйырды. Бір кездері жүлденің көбін жеңіл атлеттер әкелетін. Бұл жолы қалай боларын уақыт көрсетер, бірақ бастамасы  жаман емес. Спорттық жүрістен жартылай марафонда 1 сағат 35 минут 25 секунд уақыт көрсеткішімен Кристина Морозова Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Семсерлесу спорт түрінен де жүлдеміз бар. Жартылай финалға дейін қарсылас шыдатпаған Артем Саркисян финалға шығар тұста үш дүркін олимпиада чемпионы Оңтүстік Кореялық О Сан Укқа есе жіберіп, қоланы қанағат тұтты.Ушу спортынан да қоржынымызға Азия ойындарының алғашқы жүлдесі түсті. 70 келі салмақта Әлижан Аблағатов жартылай финалда Иран спортшысына есе қола жүлдегер атанды. Ал 75 келіде финалға Абдурашид Абдулаев   жолдама алды. Жерлесіміз ертең иран спортшысымен алтын медаль үшін айқасады.

Әр күннің әттеген-айлары болады. Өкінішке қарай жүлде алады деген жігіттеріміздің бірі жарыс жолынан шығып қалды. Қазақ боксшыларының арасынан алғаш болып шаршы алаңға көтерілген Сабыржан Аққалықов 1/8 финалда Оңтүстік Кореялық Ким Мин Сенгқа 2:3 есебімен ұтылып қалды. 80 келі салмақ Сабыржанға ауырлау болды ма алғашқы раундта айқын басымдық танытқанымен уақыт өте келе сылбыр қимылдады. Енді жарыс жолында 5 жігітіміз қалды. Ертең шаршы алаңға Төрехан Сабырхан шығады.