Хабар телеарнасы

Елімізге «Lesson Study» сабақты зерттеу әдісі келгелі биыл 11 жыл

Осы уақыт аралығында Жапон технологиясын елдегі 90% білім ордалары қолданысқа енгізіп үлгерген. Талап бойынша ай сайын мұғалімдер бір-бірінің сабақтарына қатысады. Әрбір оқушы не студенттің тілін табу және сабақты қызықтыру құралдарына баға беріледі. Кемшін тұстар мен тиімді тәсілдер талқыланады. Бүгін 500 педагогтың қатысуымен ұлттық конференция өтті. Мамандар алда әдістемеге жаңа моделдер енгізілетінін айтады. Енді білім алушының қалай оқып жатқанын түсіну және бағалау тәжірибесіне басымдық беріледі. Сапаны арттыру үшін зерттеу сұрақтары көбейеді. Педагогтардың сабақты дұрыс жоспарлау жағы да бағаланады.

Тошиа Чичибу, Жапония Ұлттық білім беру саясаты институтының аға зерттеуші:
-Сабақты зерттеу үдерісінің маңызы зор. Білім беруді дамытады. Мұғалімге жақсы маман болу үшін көп білім мен дағдылар қажет. Оқушылардың қалай оқып жатқандығын түсіну керек. Әрбір оқушының қарым-қабілетіне сай білім беруді, рефлекцияны жақсы меңгеру қажет. Осының бәрін педагогтар сабақты зерттеу арқылы үйрене алады.

Әнуар Жанғозин, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы:
-Келесі жылы алғаш рет елімізде халықаралық деңгейде осы «Lesson Study» әдісіне арналған конференция өткізіледі. Бұл конференцияға 40 тан астам ел қатысушылары келіп, өз тәжірибесімен бөліседі.