Алматыда Қ.Мұхамедхановтың ғұмырына арналған кітап таныстырылды
Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған. Ол Кеңестер Одағының құрамындағы Қазақстан Гимнін осы жолдардан бастап жазды. Әкесі мен өзі алашшыл, абайшыл болғандары үшін бірі атылса, екіншісі 25 жылға түрмеге тоғытылды. Алматыда белгілі абайтанушы, әдебиеттанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың ғұмырына арналған кітап көпшілікке таныстырылды. «Ұстаз бен шәкірт» деп аталатын туындыны зерттеушінің қызы Дина жазған. Тағдыры қыл үстінде тұрса да ұстазы Мұхтар Әуезовке шәкірті Қайым адал болып қала берді. Бұл адалдық ұлтқа, әдебиетке, әділдікке деген ынтызар жүректен туған еді. Атап айтсақ, ғалым XVIII-XX ғасырлардағы канондық мәтіндерден бастап, эпос пен фольклорды кейінгі ұрпаққа аманаттады. Оған қоса Абай мектебі мен мәтінтану сияқты ғылымның жаңа бағытын ашты. Қайым Мұхамедханов Абайдың тұңғыш мұражайын құрып, «Абай-Алаш» тұжырымдамасын жасады. Репрессия машинасы қоғамды қанша аздырғанымен білімнің негізгі принципінен бас тартқан жоқ.
Мұрат Әуезов, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Мына біздер үшін әсіресе, үлкен білім жолына түскен адамдардың, солардың арасындағы ұстаздық шәкірттік қатынас, оны білуіміз керек. Білім деген ол ақиқатқа, әділеттілікке жол іздеу. Қайым Мұхтар ағасына замандас бола білді, ізбасар бола білді.
Дәулет Сейсенұлы, жазушы:
- Ол кісі ұстазына адал шәкірт бола білді. Әуезовты көрсетсең, сенің ғылыми еңбегің де сақталады, болашағыңа кең жол ашылады дегенге қарамай адалдық танытып сол заманда 50-ші жылдары қорғаған еңбегін қайтадан тәрк еткізіп, сол кездегі саясаттың әсерімен 25 жылға бас бостандығынан айырылып, Карлагта Қарағанды лагерінде. Сталин өмірден өткенше 4-5 жыл өмірдің азабын көрген кісі.