Елордада ауылдан келген дарынды оқушылар арасынан үздіктер анықталды
IQanat республикалық олимпиадасының алғашқы кезеңіне 37 мыңнан астам 8-сынып оқушысы қатысқан. Үш кезеңнен сүрінбей өткен 825-арнайы Астанаға шақырту алған. Жүзден жүйрік шыққан 100 оқушы Көкшетау қаласындағы IQanat мектебінде тегін оқуға жолдама алды. Білім ордасы балаларды еліміздің және әлемнің Пурдю, Гонконг Политехникалық және Чикаго университеті сияқты іргелі оқу орындарына грантқа түсуге дайындайды. Мұндай форматтағы олимпиада алты жылдан бері өтіп келеді.
Жансая Аужанова, 8-сынып оқушысы:
- Бірінші кезеңнен өткеннен кейін екінші кезеңге наурызда бардық. Мен Павлодар облысында болғандықтан, Павлодар қаласына барып тапсырдық. Бес бала қатыстық, екінші кезеңге 2 бала өтіп, үшінші кезеңге екі баладан, мен, бір бала өттім.
Әлия Саликова, IQanat қорының атқарушы директоры:
- IQanat - әлеуметтік жоба. Қала баласы мен ауыл баласының арасындағы білімдегі теңсіздікті жою мақсатында, дарынды балаларды іріктеп, мектепте оқуға мүмкіндік береміз. Біздің мақсатымыз – ауылда тұрып жатқан балаларды білімге деген қызығушылығын ояту.