Үкіметте жаңа оқу жылына дайындық мәселесі талқыланды
Оқу-ағарту министрінің мәліметінше, биыл 260 мектепке жөндеу жүргізіліп жатыр. Алайда олардың 66-сында жұмыстар 1 қыркүйекке дейін аяқталмайды. Ал балалар не істемек?
Ведомства басшысы 28 білім ошағындағы қалыпқа келтіру ісі оқу процесіне кедергі келтірмейтінін айтса, қалғандары көрші елді мекендегі мектептерге уақытша барып оқитынын айтады. Одан бөлек тағы 14 мектептегі жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Олар жергілікті әкімдіктерге тапсырылыпты. Сондай-ақ елімізде әкімдік немесе мәдениет үйі секілді нысандарда оқып жүрген оқушылар да бар.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Биылғы жылы да ондай мектептер анықталып отыр республика бойынша. 10 мектеп бейімделген ғимараттарда оқу жоспарланған. Бірақ сол ғимараттардың уақытша болса да ол мектептерде балаларға жайлы орта, қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында арнайы мониторинг топ жұмыс істеп жатыр.
Жиында сондай-ақ мектептердегі қауіпсіздік мәселесі де сөз болды. Ішкі істер министрлігінің мониторингіне сай елдегі 5,5 мыңнан астам білім ошағының жартысына жуығы қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келмейді. Үкімет басшысы да бұл мәселені баса назарға алып, жұмысты күшейтуді тапсырды.