Жасанды интеллект енді қазақша сөйлейді
«Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы келер жылы технологияларды қазақ тіліне одан әрі бейімдеуге ниетті. «Нәтижесін ашық кодтар арқылы қазақстандық компаниялар мен мемлекеттік органдарға тегін ұсынып, өз қажеттіліктеріне сай пайдалануына жол ашамыз», - дейді. Ал жасанды интеллектің бүгінгі жайы қандай?
Дана Әлиева, тілші:
- Cәлем! Сен мені түсінесің бе?
- Мінекей, жасанды интеллект енді қазақша сөйлейді. Әрине, мінсіз деу - қиын. Бірақ көш жүре түзеледі. Бастысы қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру үдерісі бастау алды.
Марат Жақсыбаев бұл іске білек сыбана кіріскен. Ол басқаратын компания дауыс биометриясын синтездеумен айналысады. «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бұған қолғабыс етпек. Бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижелері жаман емес.
Марат Жақсыбаев, сөйлеу технологиялары жөніндегі компания жетекшісі:
- Алғашында кедергілер көп болды. Әсіресе, қазақ тіліндегі деректер базасының болмауы қиындық тудырды. Тілдік модельді дайындап, деректерді жинауға үш жыл жұмсадық. Пилоттық жобаларымыз сәтті өтті. Қазір бірқатар ұйыммен тығыз байланыстамыз.
Жасанды интеллект мүмкіндіктерін әр қырынан зерттеп, дамытуға үлес қосып жүргендердің бірі – Мейіржан Әулеханұлы. Қазақ тілдегі мәлімет қорының көп болуы – технология тілін жетілдіре түсетініне сенімді. «Әрі жауаптардың мардымды болуы, берілген тапсырма сауаттылығына байланысты», - дейді ол.
Мейіржан Әулеханұлы, IT маманы:
- Әртүрлі саладағы қазақ тіліндегі ақпараттың ғаламтор бетінде көп болуы жасанды интеллект тікелей қазақша сөйлеуіне әсер етеді. Яғни біз күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлесек, қазақ тіліндегі ақпаратты тұтынсақ, көп өтпей жасанды интеллект болсын, басқа да салалар тез жылдам қазақ тілінде сөйлейтін болады.
Тілді цифрлық кеңістікте өркендету – ел дамуына жол ашады. Сондықтан цифрлық платформаны құру қажет. Мұны Мемлекет басшысы да айтқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде жасанды интеллект жүйесін құру – өз алдына бөлек әрі өте маңызды мәселе. Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қоғамдастықтағы орны осы жұмыстың сәтті іске асуына байланысты. Сондықтан бұл бағытқа өзім жетекшілік етемін және шетелдік, отандық мамандармен кездесемін, сондай-ақ жүктелген міндеттердің орындалуын бақылауда ұстаймын.
Әсте жасанды интеллект бір күнде қазақша сайрап кетуі қиындау. Технология тілін жетік түсінер білікті кадрлар қажет. Осы орайда Семейде ІТ мамандарды даярлауға бағытталған UpStars жобасы қолға алынды.
Қатысушылар екі ай бойы дерек қорларын сараптау мен визуализация жасауды үйренеді. Еліміздің әр аймағынан келген жастарға ІТ саласының жетекші мамандары дәріс береді.
Азат Есенов, жоба жетекшісі:
- Семейден кейін басқа облыс орталықтарына баруды жоспарлап отырмыз. Бәрі сәтімен болса, келешекте аудан орталықтарында да сабақ өткіземіз. Бұл – бүгінгі жастарға қажет жоба. Әлемдік тренд.
Қазақстан осылайша белді ІТ-мамандарды дайындап, олардың жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасамақ. Сондықтан жасанды интеллект қазақша бейнеде қатесіз сөйлейтін күн де алыс емес.
Дана Әлиева, Дархан Кунтуов