Цифрландыру саласында қандай шаралар атқарылды?
Цифрлы һәм сиқырлы Қазақстан. Еліміз соңғы бірнеше жылда осы бағытқа пәрмен беріп, цифрлық даму ведомствосы құрылғалы біраз жетістіктер бар.
Әдетте интернеттің сапасын алға тартып сынағанды жақсы көреміз, бірақ өміріміздің сапасына ықпал еткен бірқатар шешімдер бар екенін де назардан тыс қалдыруға болмас. Биыл осы салада қандай шаралар атқарылды және несімен мақтана алады?
Жапониядан озып кеткеніміз еске түсе береді. Бірақ цифрландыру елімізде пайда болған жаңа сала болғандықтан, оның игілігін көре бастағанымызды да мойындаған абзал. Ең негізгі бағыттарға тоқталып өтсем.
Берік Дүйсенбай, шолушы:
- Әңгімеміздің әлқиссасын интернеттің сапасынан бастаған екенбіз, бұл бағыттағы жылдың қортындыларына тоқтала кетейін. Сандарды сөйлетсек былай. Сапалы интернетпен қамту мәселесі биыл 251 ауыл интернетке жаңадан қосылса, 163 ауылдық елді мекенде олардың сапасы жақсартылды. Сондай-ақ «ҚазСат» жасанды жер серігінің көмегімен қосымша шалғай аймақтарда 176 ауыл интернетпен қамтылды. 2027 жылға дейін тағы сондай 250 елді мекен қамтылмақ. Биыл 3000 базалық станса орнатылды, оның сыртында 723 5G базалық стансалары іске қосылды. Сондай-ақ Илон Масктың Starlink компаниясымен 10 мектеп пилоттық тәртіпте ғаламтор желісіне қосылды. Бұл сынақ сәтті өтіп, алдағы жылдан бастап 2000 мектеп Starlink желісіне қосылады. Starlink туралы аз-кем айта кетейін. Бұл әйгілі Илон Масктың SpaceX компаниясы ұсынатын қызмет. Негізі биыл жыл соңына дейін 2000 мектеп қамтылуы керек болған екен, бірақ оның жабдықтары АҚШ-тан жеткізілгенше біраз уақыт қажет.
Айта кетейін еліміздегі кең жолақты интернеттің орташа жылдамдығы 47,5 мегабит секунд болса, Илон көкеміздің желісі 220 мегабит секундпен жүйткейді. Министр Бағдат Мусин көктемде жоспардағы 2000 мектептің барлығы Starlink желісіне қосылады деп уәде берді. Айтпақшы оның тарелкаларының құны АҚШ-та 275 мың тг, ай сайынғы төлемі 55 мың теңге. Бізге де шамасы осы шартпен келеді.
Енді саладағы аса маңызды жұмыстардың біріне тоқтала кетсек. Бұл онлайн мемлекеттік қызмет көрсетулер. Мәселен, Big Data көмегімен 50 млн анықтама тапсыру қажеттілігі жойылған. 6 млн аса отбасының деректері цифрландырып, оның ішінен 2 млн аса адамға проактивті қызмет көрсетіледі. Яғни әлеуметтік осал топтарға 40 қызмет түрін мемлекет өзі тегін ұсынады. Мұның сыртында мобильді ЦОН мен видеоЦОН-да іске асып жатыр.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Видеоцон арқылы бүгінде 100 мыңдай қызмет көрсетіліп жатыр. Ол дегеніміз цонға келуді талап ететін қызмет түрлері бар. Бірақ сол қызметтерді цонға келмей-ақ, осы видео цон арқылы алу мүмкіндігін жасадық. IT сферасына шоғырланған мамандар саны да артып келеді. Саланың биылғы еңбек өнімділігіне келсек, елімізде 16 мың IT компанияда 182 мың қызметкер жұмыс істейді. Ал экономиканың салаларында еңбектеніп жатқан IT мамандар саны – 130 мыңға жуық. Биыл IT қызметтерінің экспорты 500 млн долларды құрады.
Мамандар демекші, 2021 жылдан бері қолға алынған Tech Orda жобасы бойынша мектептерде IT мамандыққа оқытуға биыл 18 мыңнан аса квотаға өтініш түскен. Бұл жерде мемлекет бағдарламалау негіздерін оқимын деген әр талапкердің оқу ақысына 600 мың тг береді.
Астана мен Алматыда Iqala жобасы енгізіліп, пәтер рәсімдеу, коммуналдық келісімшарттар т.б. баспана төңірегіндегі қызметтер цифрандырылды. Қала әкімдіктері де қазір өз қызметтерін біртіндеп цифрландыруға көшіріп жатқанын айта кеткен жөн.
Мәселен, Астана әкімдігінің және оның ведомстволық мекемелеріндегі бизнес процестер цифрландыруға көшті.
Андрей Клочков, «Астана Innovations» IT сәулетшісі:
- Бұрын өтінімдер 5 күн қаралатын болса, қазір ол 5-10 секундтың шаруасы. Жоба 2027 жылдың соңына дейін жоспарланған. Жыл сайын біз процестердің санын, аталған жобамен қамтылатын әкімдіктің басқармаларын көбейтіп отырамыз. Нәтижесінде Астана әкімдігінің барлық басқармаларын қамтитын 100 функция мен 300 процесті автоматтандырмақпыз. Бұл бастаманың мақсаты – бюроратиялық кедергілерді жою және әлбетте жемқорлық тәуекелдікті азайту.
Бұл цифрландыру саласының өтіп бара жатқан жылдағы нәтижелері. Әрине, мен ауқымды жұмыстардың бір парасын ғана сараладым. Әр жылдары есте болса Парламент депутаттары да, қоғам белсенділері де, цифрлық даму министрлігіне қырғидай тиіп кемшіліктерді айтып келді. Біз ақпарат құралы ретінде оларды көрсетіп келдік.