Алматыда ХХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталды
Математикаға жүйрік, физика мен информатикадан алғыр оқушылар Алматыға жиналды. Бүгін ХХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталды. Биыл оған өз елімізбен қатар, Әзербайжан, Ресей, Моңғолия, Грузия, Түркия сияқты 17 мемлекеттен 700-ге жуық оқушы келді. Олар үш пәннен команда болып сынға түседі. Белгілі математик-ғалым Асқар Жұмаділдаевтың айтуынша, әлемде бұл олимпиаданың беделі жоғары. Бірақ оның есебін құрастыру да оңай шаруа емес. Оны академик, профессор, докторлардың кез келгені құрастыра алмайды. Ал есепті шешкендер дипломға ие болып, жоғары оқу орындарына түскенде жеңілдік алады. Білім сайысының қорытындысы 13 қаңтарда шығады. Жарыс 20 жыл бойы Республикалық физика-математика мектебінің базасында өтіп келеді.
Асқар Жұмаділдаев, Президент жанындағы ҚР ҰҒА вице-президенті:
-Мысалы, мен өзім берген есебім өтпейді. Өйткені менің есебім бұларға жарамайды. Мұның бірнеше шарты бар. Біріншіден, ол оңай болмауы керек. Екіншіден, аса қиын болмауы керек. Үшіншіден, программада болуы керек. Төртіншіден, әдемі болуы керек. Бұл шартты қанағаттандырып, есеп құрастыру оңай шаруа емес. Осының бәрін біз үйрендік, жүйеге қойдық. Жыл сайын көктемде құс келіп, күзде құс кететін болса, дәл сол сияқты бірінші олимпиада Қазақстанда өтеді.