«Абыл мен Қабыл» кітабының тұсауы кесілді
Бір тәнге қосақталған, бірақ қалауы мен арманы екі түрлі сиам егіз. Жетінші Еуразиялық кітап көрмесі аясында Мақсат Мәліктің сиам егізінің 33 жылдық ғұмыры туралы «Абыл мен Қабыл» атты романының тұсауы кесілді. Шығармада егіздің өмірбаяны, адам құқығы, ақ пен қара, жақсылық пен жамандық сияқты түрлі психологиялық қақтығыстар көрініс тапқан. Роман «Таңсәрі», «Талтүс», «Алагеуім» және «Түн қараңғысы» атты төрт бөлімнен тұрады. Бүгінде тұсауы енді ғана кесілген роман сатылымға шығып үлгерген.
Мақсат Мәлік, жазушы:
-Сиам егіздері туралы роман. Бұл қазақ әдебиетінде көп қозғалмаған тақырыптардың бірі, жоқ деп те айтуға болатын шығар. Мұнда сиам егіздердің 33 жылдық ғұмыры бейнеленген, тартысқа толы. Әдебиетте енді тұлғаның екіге бөлінуі деген концепция бар, ал бұл сол концепцияға басқа қырынан келген роман деп айтуға болатын шығар. Екеуінің қалауы, ойлауы екі түрлі, бірақ екеуінің тәні қосақталған, бір-біріне келе алмайды.
Ақберен Елгезек, жазушы:
-Қалыптасқан қазақ прозасындағы таптаурын тақырыптар емес. Жалпы әлемдік әдебиетте көтеріп жүрген тақырыптардың бірі, соған ұқсайтын тақырып. Бірақ бөлекше алып шыққан өзінің романы. Абыл мен Қабыл менің ойымша, кейінгі қазақ әдебиетінде үлкен бір жаңалық болады.