Теміртауда оқушыларға арналған IT-лагерь ашылды
Қарағанды облысының Теміртау қаласындағы жоғары политехникалық колледжде оқушыларға арналған IT-лагерь ашылды. Мұнда балалар ерте кәсіби бағдар беру және жеке тұлғаның дамуы бойынша жан-жақты ақпарат алып, компьютерлік бағдарламалаудың қыр-сырын меңгереді. Жалпы өңірде лагерлердің жұмысы қыза түскен. Онда биыл шамамен 160 мың бала жазғы демалысын өткізеді.
Бұл өңірде ашылған тұңғыш IT-лагерь. Мұнда оқыту бағдарламалары балалардың жас ерекшеліктеріне қарай ойын түрінде өтеді. 8-11 жастағы оқушылар 3Д модельдеу, түрлі бағдарламаларда ойын құрауды үйренеді. Ал ересек балалар үшін 3Д Blender-де модельдеу, күрделі бағдарламалармен жеке ойын әзірлеу, медиаконтентті веб-парақты жасауды, тағы басқа ақпараттық технологияларды меңгереді.
Бекзат Ахметов, IT лагерь жетекшісі:
- Негізі IT-лагерьдің мақсаты – бұл жас теміртаулық 100 баланы ертерек кәсіптік бағдарлауға дайындау, шығармашылық дағдыларын дамыту және ең бастысы IT жағынан тереңдетіп ойын түрінде білім беру.
Әр лагерь ерекше оқыту әдістемесін таңдап алған. Бірақ барлығында ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталып, балалардың бойына сіңіруге басымдық берілген.
Әлихан Сүлешов, №14 мектептің оқушысы:
- Біз лагерьде бассейнге, кинотеатрға барып, ұлттық ойындар ойнаймыз. Арқан тартыс, қол күрес, асық ату ойнаймыз.
Жалпы облыс бойынша мектеп жанынан 900-ге жуық, ал қала сыртынан 8 лагерь ашылған. Олардың жұмысын жақсартуға 500 млн теңгедей бөлінді.
Аруна Мұқашева облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Балаларды қорғау күнінен бастап барлық мектеп жанындағы лагерлер өз жұмысын бастады. Оның 482-і тамақтандырумен болса, 434 тамақтандырусыз бейімді лагерлер болып табылады. Облысымыздағы 44 қосымша білім беру ұйымдары жазғы кезеңде өз жұмысын жалғастыруда.
Жазғы маусымда облыс төңірегіндегі лагерлерге 160 мыңдай оқушы демалады деп жоспарланған.
Руслан Нұрланұлоы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар