Абай атындағы ҚазҰПУ филиалы Өзбекстанда ашылмақ
Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Науаи мен Абай: жалпыадамзаттық құндылықтар сабақтастығы» халықаралық форумы ашылды.
Әлемге әйгілі шайыр, өзбек халқының сүйікті перзенті, ғұлама ойшыл Әлішер Науаиды қазақтың данышпаны Абай ұстаз тұтып, шығыс мектебін үлгі еткені әдебиет тарихынан белгілі. Екі ғұламаның арасындағы рухани баланс өте терең. «Бұл – екі ел арасындағы достық, мәдени қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға, ойшылдардың мұрасын жастарға кеңінен насихаттауға, дәріптеуге негіз», - дейді ұйымдастырушылар.
Болашақта Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындарының бірлескен жобалары жүзеге асырылмақ. Форум аясында Науаи орталығы ашылып, Науаи оқулары, шығыс сарыны көрініс тапқан сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Болат Тілеп, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры:
- Өзбекстан Республикасында 3 млн-нан астам қандастарымыз тұрады. Қазіргі таңда ол жақта 100-ден астам қазақ мектептері бар. Осы орайда сол жердегі халықты біздің университеттің қабырғасында оқыту мәселесі ғана емес, сонымен бірге болашақта Өзбекстан Республикасының қазақ қандастарымыз көп шоғырланған өңірлерінде университетіміздің филиалын ашу жоспарымызда бар.