Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық серіктестікті нығайтып келеді

Бұл іске Үкімет тарапынан жіті көңіл бөлінген. Таяуда қазақ университеттерінің филиалы Өзбекстанда, ал өзбек университеттерінің филиалы Қазақстанда ашылып, жұмысын бастады.

Қос мемлекет гуманитарлық бағыттағы жобалардан бөлек сауда-саттық көлемін ұлғайтып, өнеркәсіп секторын да өркендетуге кіріскен. Өзара тауар айналымы қаңтар-тамыз аралығында 2,6 млрд доллардан асты. Жыл басынан Өзбекстан бізге 872 млн доллардың тауарын экспорттап, 1,7 млрд доллардың өнімін импорттаған. Екіжақты сауда айналымы негізінен – астық, жеміс-жидек, көкөніс және табиғи ресурстар. Осы күні Ташкент, Самарқанд, Бұқарада қазақстандық бизнес құрылымдары көбейген. Бірлескен кәсіпорын саны 1000-нан асады.

Мухсинжон Холмухаммедов, Өзбекстан экономикалық зерттеулер мен реформалар орталығы директорының орынбасары:

- Қазақстан Өзбекстанның сыртқы сауда серіктестерінің ішінде үшінші орынға шықты. Біздің елдеріміздің бір-біріне жақындығы мен көлік және коммуникация саласында көптеген істі бірлесіп қолға алуымыз стратегиялық мақсат-міндеттерге жылдам қол жеткізуге септігін тигізіп жатыр. Өзбекстан Қазақстаннан басқа ешбір елмен мемлекетаралық жоғары кеңес құрмаған. Министрлеріміз осы кеңес аясында өнеркәсіп пен энергетика секторларына қажетті өнімдерді бірлесіп жасап шығару жолдарын қарастырып, негізін қалыптастыруға кірісті.