Ұлттық ғылым академиясының академиктері сайланды
Академиктерді сайлау үш кезең бойынша өтті. Жалпы конкурсқа қатысуға 34 өтінім түскен. Іріктеу нәтижесінде Қазақстанда ғана емес, шетелдік ғылыми қауымдастыққа танымал алты академик сайланды.
Айта кетейік, жаңа ереже бойынша конкурсқа қатысу үшін жоғары оқу орындары кандидат ұсынып, ғылым академиясына өтініш жіберді.
Үміткердің ғылыми дәрежесі, атағы мен 10 жылдық жұмыс тәжірибесі және ғылыми журналдарда кемінде 9 жұмысы жариялануы керек. Бұл - бірінші кезеңнің шарттары. Одан кейін сараптама жасалып, соңғы кезеңде үміткердің ғылыми қызметін ғылым академиясының Президиумы бағалады. Сайланған академиктер Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған өңірлік ғылыми-технологиялық кеңестердің құрамында жұмыс істейді.
Қуантар Әлиханов, ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА пәнаралық ғылым орталығының директоры:
- Қазіргі таңда осы өңірлік, ғылыми-технологиялық кеңестердің құраманды сол облыстың әкімі басқаратын болады. Оның құрамына мәслихат депутаттары кіреді. Және сол өңірдегі мықты ғалымдар кіреді. Бизнес өкілдері кіретін болады. Сонымен қатар осы бағыттарда сайланған біздің академиктер осы жұмыс тобына кіріп, сол өңірдегі қандай өзекті мәселе бар, сол өзекті мәселеге ғылыми жоба дайындап, енді ерекшелігі сол жергілікті басқару органдарының бюджетінен сол ғылыми жобалар қаржыландырылатын болады.