Хабар телеарнасы

Колледж түлектері «Серпін» бағдарламасы арқылы грантқа түсе алады

Биылдан бастап «Серпін» оқу бағдарламасына колледж түлектері де қатыса алады. Осы оқу жылына оларға 500-ге жуық бөлек грант бөлінді. Оңтүстіктен жұмыс күші аз деген облыстарға барып білім алған жастар міндетін қалай орындап жатыр? Кері қайтқандары бар ма?

Жанболат Шанан Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тумасы. 2019 жылы мектеп бітірген ол «Серпін» бағдарламасы бойынша Петропавлдағы университетке оқуға түсті. Тегін білім алып, осында тұрақтап қалды. Қазір құрылыс дүкенінде IT маманы болып жұмыс істейді.

Жанболат Шанан, қала тұрғыны

- Жалпы айтқанда «Серпін» бағдарламасы өзіме ұнады. Грантта оқыдым, степендия алдым. Және де осы жерде жақсы жұмыстар, жақсы жұмыс тауып алдым. Көптеген, қалай айтсам болады, көптеген мүмкіндіктер бар.

Жанболат оқыған Манаш Қозыбаев университетінде бағдарлама іске қосылғалы мың жарымға жуық жас жоғары білім алды. Оларға мемлекет есебінен грант, шәкіртақы мен жатақхана берілді. Енді қолдау орталығы ашылады.

Азамат Жікеев, университеттің басқарма мүшесі:

- Келесі жылы университет қабырғасынан бағдарламаны қолдау орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде заңгерлер, психологтар жұмыс істейді. Олар өзге өңірлерден келген түлектерге кеңес береді.

Биыл «Серпін» бағдарламасына 10 жыл толады. Осы уақыт ішінде оңтүстікте туып-өскен мыңдаған оқушы тегін жоғары білім алды. Бірақ бәрі бірдей тұрақтап қала алмады. Білім министрлігінің мәліметінше, диплом алғандардың 20 пайызы туған жеріне қайтқан.

Ақерке Абылайхан ҚР БЖҒМ Комитет төрағасының орынбасары:

- Әрі қарай магитратураға түскен жағдайда немесе әскери қызметке шақырылғанда немесе жанұя құрып, қыз балалар балалы болған жағдайда әрине бұнда жұмыспен өтеу міндетінен босатылады. Сондықтан бұл жерде мәселе бар.

Биыл бағдарламаға өзгертулер енгізілді. Енді «Серпін» бойынша Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының колледж түлектері де қатыса алады. Оларға бөлек 500-ге жуық грант бөлінді.

Жанна Есенбаева, ҚР БЖҒМ Комитет төрағасының орынбасары:

- Сұранысқа ие мамандықтарды айтатын болсақ, ол әрине бірінші кезекте техникалық мамандықтар, ақпараттық коммуникация, технологиялар. Және бізде педагогикалық мамандықтарға да өтініштер жақсы түседі.

Биыл «Серпін» бағдарламасына 3903 грант бөлінді. Диплом алған жас мамандар солтүстік өңірлерде кем дегенде екі жыл жұмыс істеуі тиіс. Бұған дейін грантты өтеу мерзімі 3 жыл болатын.

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.