2025 жылы «Бәйтерек» ғарыш кешенінен алғашқы зымыран ұшырылады
«Бәйтерек» ғарыш кешенінен 2025 жылдың аяғында алғашқы зымыран ұшырылады. Сынақ кезеңі 2027 жылға дейін жоспарланған. Содан кейін ғана коммерциялық ұшырылымдар жүзеге аса бастайды. Ғарыш технологияларын дамытуға бағытталған жоба қазір қандай деңгейге жетті?
«Бәйтерек» ғарыш кешенінен келесі жылы «Союз 5» зымыраны зеңгір көкке жол тартады. Бұл жоба болашақта табысты болмақ. Себебі аталған саланың қызметіне сұраныс әлемде жыл сайын артып келеді. Ең бастысы ғарыш технологияларын меңгерген мамандардың біліктілігін арттыру қолға алынған.
Баубек Оралмағамбетов, ҚР Аэроғарыш комитетінің төрағасы:
-Бұл инновациялық жоба болғандықтан әрине бізге көп деген мамандар керек, оларды оқыту керек, олар практикадан біздің кешенде өту керек. Көп деген спутник топтарын ұшыратын тапсырыстар бола береді. Олардың тапсырыстарының барлығын ғарыштық кешенге шығару үшін ғарыштық зымыран арқылы шығару керек. Біздің «Бәйтерек» сияқты.
Жобаны жүзеге асыру үшін 2018 жылы «Зенит» ғарыш кешені Ресейден Қазақстан меншігіне өтті. Бүгінде нысан қайта жаңғыртылуда. Мамандардың айтуынша, бұл жерден ұшырылатын зымыран тасығыш қазіргі талаптарға толық сай келеді.
Кезінде бұл жерден «Зенит» зымырандары ұшырылған. Ал келесі жылдан бастап экологиялық таза отынды пайдаланатын «Союз 5» зымырандары осы тұғырдан көкке самғайтын болады. Бұл жерді қайта қалпына келтіру жұмыстары тиісті кестеге сай жүріп жатыр.
Айдын Айымбетов, «Бәйтерек» БК» АҚ басқарма төрағасы:
-Қазір жер үстіндегі нысандарға құрылғыларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды 1,5 жылдың ішінде атқару жоспарланған. Жоба жүзеге асқан кезде отандық жерсеріктермен қатар шетелдің де құрылғыларын ұшырамыз.
Зымыран ұшырылымдарын басқару орталығы да толық қайта жабдықталады. Ол үшін соңғы үлгідегі технологиялар қолданылады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин