Сарапшылар: Әлем атом энергиясына мұқтаж
Әлем атом энергиясына мұқтаж. Арнамызға сұхбат беріп, пікір білдірген халықаралық сарапшылар осылай деп отыр. Бүгінде жаһанның жетекші мемлекеттері баламалы қуат көзін көбейтуге күш салуда. «Біздің елде де оған басымдық беріліп отыр. Бірақ бүгін-ертең керек энергия көлемін беретін экологиялық таза, экономикалық тиімді, бастысы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бірден бір жол - Атом энергетикасы»,— дейді мамандар. Айтуларынша қазіргі технологиялар қауіпсіз қуат көзін алаңсыз алуға мүмкіндік береді.
Әлемнің 31 елінде 440 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Бұлардың барлығы жылына 370 Гвт электр энергиясын өндіреді немесе дүниежүзінде өндірілетін көлемнің 20% жуығы. Ең көп реактор саны АҚШ-та болса, атом энергиясын өндіруден жетекші ел Франция. 56 атом реакторы елдегі электр энергиясының 70% астамын береді.
Ал 47 млн халқы бар Испанияда қоғамдастық өкілдері ядролық қауымдастық құрып, атом стансаларын көбейтуге үкіметтің назарын аударып отыр.
Хесуса Саиса Де Оменьаки Тихеро, «Jovenes Nucleares» ядролық қауымдастығының көшбасшысы (Испания):
-Испан үкіметі қайта жаңартылатын энергия көздеріне басымдық береді. Бұл әрине жақсы шешім. Тек қайта жаңартылатын қуат көздерін қолдану жеткіліксіз. 47 млн адамды қамтамасыз етуге жетпейді. Сол себепті тұрақты энергия көздерін де қосу қажет. Экологиялық таза әрі тиімді қуат көзі – ядролық энергетика. Бұл бізде жеткілікті назарға алынбаған. Франция, Ұлыбритания, Еуропадан тыс Қытай, Үндістан, АҚШ тәрізді өзге елдер болса, керісінше, АЭС салып, ядролық энергетиканы дамытып жатыр.
Қытайда бүгінде 55 ядролық энергоблок жұмыс істеп тұр. Ол аз десеңіз қазір 26 атом энергиялық блок және салынуда. Көршілер энерготапшылықты жою үшін соңғы 5 жылда 13 миллиард доллар бөлген екен.
Шань Сяньхэ, Циньшань атом электр станциясының бас директоры:
-Ядролық энергия өндірісіндегі бүгінгі технология өткен ғасырдағы технологиядай емес. Әлдеқайда қауіпсіз. Ғылыми-техникалық зерттеу жасалған. Соған сәйкес жаңадан салынғандарымен қатар ескі энергоблоктар да жаңғыртылып жатыр. Бұл әлеуметтік-экономикалық жағынан аса тиімді. Мәселен, Циньшань атом электр станциясы 30 жыл үздіксіз жұмыс істеп, бүгінгі күнге дейін 810 миллиард киловат-сағат энергия өндіріп ұлттық экономикаға қыруар пайда әкелді. Енді бұрынғыдан да қауіпсіз бола түсті.
Қазақстанға Атом стансасы керек пе? Мамандар бірауыздан керек дейді. Айтуларынша ол - энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ететін үлкен фактор. Кадр мәселесіне келсек, ұлттық ядролық физика институтында бүгінде 750-ден астам инженер еңбек етеді. Ол аз десеңіз, біздің мамандардың атом реакторымен жұмыс істеп келе жатқанына 60 жылдай болды.
Саябек Сахиев, ядролық физика институтының бас директоры:
-Егер Қазақстандықтар референдумды қолдайтын болса, Қазақстанның таңдаған АЭС түрі су сулы энергиялық реакторы деп аталады. Яғни екі контурлы. Ал Магатэнің талабы бойынша зерттеу реакторы мен АЭС-на қойылатын талап бірдей. Сондықтан 57 жыл бойы осы АЭС бар деп есептеуге болады біріншіден. Екіншіден сол су сулы зерттеу реакторында 57 жылда кадрлар даярланып келе жатыр.
Су сулы энергиялық реактор деп отырғаны 3 және 3+ буынына жатады. Мамандар оның қауіпсіздік жүйесін былай сипаттайды.
Вячеслав Гныря, ҚР «Ұлттық ядролық орталығы» атом энергиясы институты филиалы сынақтар жөніндегі директорының орынбасары:
-3 және 3+ буынындағы станциялар темір бетон жабындармен қапталады. Ол 8 баллға дейін зілзалаға төтеп бере алады. Тіпті үлкен ұшақ келіп соғылса да, 400 тонна соққыға шыдас береді. Бетін ары қылсын, апатты жағдай болып, рекатордан радиоактивті заттар бөлінетіндей болса, барлығы герметикалық жабынның ішінде қалады.
Мамандардың есебінше аталған буындағы реакторда апат 10 млн жылда бір болады. Ал реактордың жұмысы 60 жылға есептелгенін ескерсек, қауіпсіздікті ойлап қам жеуге негіз жоқ.
Елімізде жылдам нейтрондармен жұмыс істейтін әлемдегі тұңғыш ядролық реактор Ақтау қаласында 1972-1999 жылдары аралығында сәтті жұмыс істеді. Ал референдумға келсек, ол осы күзде өтеді.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков