Үкіметте өртке қарсы күрес мәселесі талқыланды
Құзырлы сала басшылары мен әкімдер осы мәселеге байланысты ақпарат берді. Айтуларынша, әсіресе орманды алқаптардағы өрт қауіпсіздігіне баса мән беріліп отыр. Себебі апат айтып келмейді, қарекет қазірден болмаса, салдарының қандай болатынын былтырғы Семей трагедиясы көрсетіп берді. Жалпы еліміздегі орман қоры 553 мың гектарға жуық. Былтыр соның 116 мыңынан айырылдық. Сабақ алдық па, қазіргі қам қарекет қандай?
Былтырғы Семей орманы резерватындағы алапат өрт орман шаруашылықтарындағы өртке қарсы қызметтердің жарақталмағанын көрсетіп берді. Содан бері не өзгерді? Олқылықтың орны толды ма?
Біздегі орман шаруашылықтарында өртке қарсы бекеттер саны 736 болуы тиіс. Бірақ 255 қана бекет бар екен. Ал техниканың тапшылығы мен тозуы өз алдына бөлек әңгіме.
Төтенше жағдайлар мен Экология министрліктері баяндады. Бетін әрі етсін, тілсіз жау тіл қата қалса, қам-қарекетсіз қалмаймыз дейді. Көктем шыққалы өртке қарсы күштер 11 мың гектардан аса алқапта отты өшіріп үлгеріпті. Күш жеткілікті ме деген сауалға елдің бас құтқарушысы мынадай сандарды келтірді.
Өрт сөндірушілердің жеке құрамы 50 мың адамды құраса, 10 мың бірлік техника дайын тұр. Сондай-ақ 19 әуе кемесі сайланған, оның 9-ы су шашу құрылғысымен жабдықталған. Оның сыртында 120 ұшқышсыз басқарылатын аппарат бар.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
-Министрліктің келісімімен әкімдіктер Табиғи өрттерді болдырмау жөніндегі жоспарларды бекітті. Өткен жылдың күзінде «Орман дала-2023» оқу-жаттығуы өткізілді. Ертең «Семей орманы» резерватында Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар басталады. Оның сыртында барлық өңірлерде орман шаруашылығы мекемелерімен 53 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Бұдан басқа орман күзетінің 1 300 жұмысшысы Министрліктің оқу орталықтарында оқудан өтті.
Экология министрлігі де Үкіметте баяндама жасады. Табиғат қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық жарақталуын күшейтуді көздейтін Үкіметтің 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 25 өрт сөндіру техникасы, 51 орман өртіне қарсы шағын техника, 154 трактор, 73 патрульдік көлік пен 655 өртке қарсы жабдық алынғанын мәлімдеді. Бірақ бұл табиғат қорғау мекемелері сақадай сай дегенді білдірмейді. Үкімет пен әкімдіктер жаңа техниканы алып әлек, ал қолда бар техника тозып әлек.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
-Мемлекеттік орман иеленушілері жаңа техниканы сатып алуына қарамастан қолда бар техниканың тозу проценті жоғары. Өрт сөндіру машиналары бойынша 72%, тракторлар бойынша 50% және патрульдік автокөліктер бойныша 55%.
Қуат Мейірбеков, ҚР Экология министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:
-Теринспекциялар тексерістер өткізді. Дайындықтарын тексеріп, көп жерде дайындық нашарлау боп тұр, бірақ оны қазір түзетіп жатыр. Көбінесе өрт сөндіру көлігі дайын емес, жөндеуде тұрды. Мотопомпалары істемейді деген, сондай ескертулер берілген ғой. «Олар енді түзетіп жатырмыз» деп ақпарат беріп жатыр. Жөндеуден шықты, қойдық деген сияқты.
Жоғарыда айтып өттім, орман шаруашылықтарында өртке қарсы бекеттер саны еліміздегі орман қорының көлеміне қарай 736 болуы тиіс. Бірақ 255 станция ғана жұмыс істеп тұр. Ал ондағы өрт сөндіру техникасының жай-күйі қандай? Себебі орманда өрт шыққан бойда, тілсіз жаумен күресетін осылар ғой. Сандарды қарайық.
Еліміздегі орман шаруашылықтарындағы өрт сөндіру техникасының қазіргі жай-күйі мынадай. Жиыны 275 өрт сөндіру машинасы болса, олардың 198-інің тозығы жеткен. Ал 158 көліктің мүлде жарамсыз екені анықталып отыр. Қазір олардың 121-і жөндеуден өтіп, тағы 37-сі бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Ерлан Нысанбаев мырза елімізде орман өртін ерте анықтау жүйесін дамыту қажеттігін атап өтті және Беларусь мысалын келтірді. Аталған елде ерте анықтау жүйесі енгізілген соң 2020 жылы орташа 10 гектар жанатын болса, биыл ол 0,4 гектарға дейін төмендетілген. Бұндай құрылғылар бізде Бурабай ұлттық паркінде, Көкшетауда, Ертіс орманы резерватында және Медеу ұлттық паркінде істеп тұр. Мәселен, Бурабайға аталған қондырғыны қойған соң, орман өрті 80 гектардан 1,5 гектарға дейін азайған. Министрдің пайымынша ерте анықтау жүйесін еліміздегі орманды алқаптардың барлығына қою қажет.
Апат көп жағдайда дер кезінде анықталмағаннан болады. Осы орайда тілге тиек ете кетейін, өрт қауіпті кезеңге дайындық сәуір айынан басталды. Бірақ қазірдің өзінде 27 орман, 122 дала өрті тіркеліп, 11-мың гектарға жуық алқап жанған. Оның ішінде былтыр 14 адам опат болған Семей орманы да бар. Үкімет басшысы Олжас Бектенов қам-қарекетті күшейту қажеттігін тапсырды. Себебі былтыр орман қорының 116 мың гектарын оттың құшағына беріппіз. Экологияға келтірілген залалды қоспағанның өзінде 160 млрд тг шығын келтірілген.
Қазгидромет биылғы жаз ыстық болады деп болжап отыр.