Үркердегі мектеп қашан бітеді?
Астана іргесіндегі Үркер тұрғын алабының оқушылары биыл 1 қыркүйекті тағы да мектепсіз қарсы алады. Олай дейтініміз, шағын ауданда былтыр салына бастаған білім ошағы осы жылы бітуі тиіс еді. Алайда құрылысы тоқтап қалды. Ал халық балаларын шалғайдағы мектептерге тасиды. Құрылыс жұмыстары не себепті тұралады?
Гүлнәр Табирова Үркерде салынып жатқан жаңа мектепке жақын жерде тұрады.«Құрылыс басталғанда қатты қуанып едік. Алайда қуанышымыз ұзаққа бармады»,— дейді жұмыстың созбалаңға салынғанына наразы тұрғын. «Биыл да немерелерімді қашықтағы білім ошағына тасимын ба..» деп уайымдайды.
Гүлнәр Табирова, қала тұрғыны:
-№69 мектепте оқиды. Ауыл арасы, бірақ өте алыс. 11 аялдама жүріп барамыз кем дегенде. Өте қиын. Такси жалдаймыз. Мектептің өз автобусы бар. Бірақ оған белгілі уақытта ғана үлгеру керек.
Үркерліктердің мектеп күтіп жүргеніне 10 жылдан асқан. Былтыр басталған жаңа білім ошағының құрылысы мердігердің ауысуынан тоқтап қалған. Жұрт нысан қоршаусыз тұрған соң құрылыс басы тоналып кетеді деп алаңдайды.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше мұнда жаз бойы құрылыс жұмыстары тоқтап тұрған. «Салынып бітуіне сәл-ақ қалған нысан керісінше күннен күнге бұзылып жатыр», - деп налиды халық. Оның дәлелі міне, шатырынан су кеткен. Қабырғасы қақырап жатыр.
Мәселенің мән-жайын білу үшін Нұра ауданының әкіміне хабарластық. Олар қалалық құрылыс басқармасына сілтеді. Басқармадағылар құрылыс жақында қайта жалғасады деп отыр.
Алмас Мусинов, қалалық құрылыс басқармасының бөлім жетекшісі:
-Биыл мердігер құрылыс қарқынын мүлдем төмендетіп жіберді. Кестеден едәуір артта қалды. Бірнеше рет ескерту жасап едік, елемеді. Сол себепті онымен келісімшартты бұзуға тура келді. Сөйтіп қайтадан сайыс жариялап, жаңа мердігер таптық. Ол компаниямен тамыздың басында ғана келісім жасастық. Алдағы күндері олар іске кіріседі. Қазір құжаттармен айналысып жатыр.
Жоспар бойынша биыл есігін ашуға тиіс болған мектеп енді мердігердің жауапсыздығынан келесі оқу жылында пайдалануға беріледі деген жаңа жоспар жасалыпты. Ал тұрғындарға балаларын тағы бір жыл алыстағы мектепке тасуға тура келеді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Қайрат Ақтөреев