Биыл Жетісу облысында 2 мектеп қолданысқа беріледі
Келесі жылы тағы 5-еуі бой көтермек. Ел көлемінде қолға алынған ұлттық жоба жайлы Мемлекет басшысы өз жолдауында да атап өтті. Маңызды мәселелер айтылған алқалы жиынға қарапайым еңбек адамдары да қатысты. Жетісу облысынан Светлана Исаева барды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» саналы ғұмырының 43 жылын бала оқытуға арнаған. Қазір де Талдықорғанның Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ береді. Ол жолдауды Президенттің өз аузынан естіді. Жиында айтылған білім саласына қатыстыларын өзіне түртіп алған. «Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал» деген тұсы көңілімнен шықты»,— дейді.