Батысқазақстандық ЖОО-ның бірінде токпен жүретін көлік жасап шығарылды
Батысқазақстандық жоғары оқу орындарының бірінде токпен жүретін көлік жасап шығарылды. Сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүйіткитін электромобильді өнертапқыштар 1,5 жыл құрастырыпты. Бұдан басқа ғалымдар ауадан су шығаратын қондырғыны ойлап тапқан.
Мына электрокар - оралдық оқу-білім кешенінің тырнақалды табысы емес. 2011 жылы университеттің конструкторлары ВАЗ 2106 көлігінің іштен жану қозғалтқышын алып тастап, электромотор орнатыпты. 2017 жылы салмағы жеңіл болғасын ОКА автомобилін электромобильге айналдырыпты. Ал биылғы токпен жүретін көліктің шанағына шейін өздері құрастырған. Қуаты 4 киловаттық 2 мотор дөңгелек орнатқан.
Закир Хамзин, университет жанындағы ақпараттық жүйелер орталығының директоры:
-Ешқандай автокөліктен алмастан, «каркасынан» бастап біздің дүниеміз қылып шығардық. «Solar X» деп ат қойдық. Конструкторлық бюроның аға оқытушылары, жұмысшылары, студенттерімен бірге шығарған жоба болды. Бұрынғылар «стальной листтар» болатын, мынаған келген кезде біз көмір пластик материалдар бар, сырты авиа алюминиймен қапталған.
Оралдық өнертапқыштар ойлап жасаған электромобильдің салмағы 300 келіден аспайды. Қуат күші тоқтаусыз 240 шақырымға жетеді. Аккумуляторы 2,5 сағатта толық қалпына келеді. Ал жылдамдығы сағатына 100 шақырым. Бұдан да жедел жүйткір еді, егер студенттердің қауіпсіздігі үшін оқу орны басшылығы бағдарламасына шектеу қоймағанда. Міне, осы көлікті жасауға небәрі 3 миллион теңге жұмсалыпты.
«Егер көлікті зауытта құрастырып, сериялы өндіріске енгізсе, бағасы бұдан да арзанға түседі»,– дейді конструкторлар.
Закир Хамзин, университет жанындағы ақпараттық жүйелер орталығының директоры:
-Бұған дейінгі екі электромобильде «коробка передач» арқылы жүретін. Бұған келген кезде тежегіш басқан кезде кейін зарядталатын қылып, мотор колесолар қойдық. Осы бір ерекшелігі болды. Біз үшін маңыздысы осындай дүниемен жұмыстана алатын балалар бар екенін, аға оқытушылар бар екенін көрсету.
Оқу орнында бұдан басқа ауадан су шығаратын қондырғыны да ойлап тапқан. Шағын құрал тәулігіне 300 милилитрге дейін тіршілік нәрін өндіреді. «Қондырғы қуатын арттырса, өсімдіктерді тамшылата суаруға болады»,– дейді мамандар.
Алексей Феденев, университеттің IT бөлімінің меңгерушісі:
-Қондырғы қыздыру-салқындату принципінде жұмыс істейді. Осы арқылы конденсация жүреді де, ылғал конус арқылы тамшылайды. Қасына 180 квт панель қойса жеткілікті. Күн неғұрлым ыстық болса, су да көбірек өндіріледі. Егер біздің жаңалығымыз ауыл шаруашылығы үшін маңызды десе, сериялы түрде өндіруге болады. Онда бағасы да арзандайды.
Оралдық студенттердің ауадан су шығаратын қондырғысы жақында Ресей астанасында өткен байқауда жоғары марапатқа ие болыпты.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов