Қызылордадағы ЖИ институтын жабдықтауға СеулТех қолдау көрсетеді
Қызылордада ашылған жасанды интеллект институтын жабдықтауға Оңтүстік Кореяның Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті қолдау көрсетпек. Бұл туралы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы У Вон Шиктің Қызылордаға сапары барысында айтылды. Жаңа оқу жылынан бастап Қызылордада AI архитектор және Data management бойынша мамандар даярлана бастады. Ол үшін 100 мемлекеттік грант бөлінген.
Ақтөбелік Әлижан Тәбиев Қызылордадағы жасанды интеллект институтында ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша білім алып жүр. «Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бірлескен білім беру бағдарламасы аясында қос диплом иелену мүмкіндігі менің ерекше қызығушылығымды тудырды», - дейді ол.
Әлижан Тәбиев, студент:
-Қазіргі таңда жасанды интеллект көп нәрсеге жол ашып тұр. Басқа да компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сабақтар ағылшынша өтеді және қосымша корей тілінде, кейінірек Кореяда оқуға мүмкіндік бар.
Биыл Қызылордада AI архитектор және Data management бойынша мамандар даярлана бастады. Ол үшін 100 мемлекеттік грант бөлінген.
Оралбек Әбдуллаев, оқытушы:
-Әлемдік үлкен жоғарғы оқу орындарындағы жасанды интеллектіге байланысты пәндерді өзімізге басшылық етіп алып, сол пәндердің негізінде осы жақтағы бағдарламаны жасап шықтық.
Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы У Вон Шиктің Қызылордаға сапары аясында Корея делегациясы институттың жұмысымен танысты. Тараптар келіссөз барысында бірлескен жобаны одан әрі дамыту жайын талқылады.
У Вон Шик, Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы:
-Қызылорда университетінде даярланған мамандар цифрлы Қазақстанды дамытуға үлес қосатыны сөзсіз. Мұндағы студенттер заманауи ақпараттық технологиялармен қатар, төрт тілді меңгеріп шығады. Бірлескен жобаны одан әрі дамытуға Корея тарапынан тиісті қолдау жасалады.
Бейбіткүл Кәрімова, Қорқыт ата атындағы қызылорда университетінің ректоры:
-Сеултехтің тарапынан зертханалық класстар ашылып, оларға қажетті жабдықтар, серверлер келіп, бизнес инкубатор орталығы ашылып, дрондар жинайтын инженерлерді даярлау басталады және Сеултехта осы жазда біздің 4 оқытушымыз арнайы тағылымдамадан өтіп келді.
Жасанды интеллектті меңгеру мақсатында Қызылордаға еліміздің өзге өңірлері мен шетелден де студенттер келе бастаған. «Әлемдегі жетекші жоғарғы оқу орындарының филиалын ашу өңір экономикасы үшін пайдалы»,–дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбат Байділдаев