Хабар телеарнасы

Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толды

Балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толды. Мерейтойға орай Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Бердібектің биігі» еске алу іс-шарасы өтті. Жалпы қаламгердің мерейтойына арналған жиындар жыл бойы өтіп жатыр. Жуырда «Менің атым Қожа» туындысы әзербайжан тіліне тәржімаланды. Биыл қаламгердің шығармалары ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени-әдеби мұра қорына енгізілді.

Ұлттық кітапханада өткен жиынға жазушының туыстары, ақын-жазушылар мен жерлестері қатысты. Басқосуда қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолы туралы деректі фильм көрсетілді. Жазушының «Таңдамалы» және «Ағасы мен қарындасы» кітабтарының тұсаукесері өтті.

Бекен Ыбырайым, жазушы:

-Өз кезінде қазақ балалар әдебиетінде, оның ішінде балалар прозасында өзіндік құбылысқа айналған. Қазақ балалар әдебиетінің сол кездегі белгілі бір үлгі, өлшемдерден арылып, жаңа әлемге, жаңа көркемдік биіктерге ұмтылуына зор ықпал жасаған.

Бердібек Соқпақбаев жазушылық жолын «Бұлақ» жыр жинағынан бастады. 1958 жылы балалар басылымы «Балдырған» жарыққа шыққан күннен бастап Соқпақбаев журналда 6 жыл проза бөлімінің меңгерушісі болды. «ТҮРКСОЙ» ұйымының ұйытқы болуымен биыл қаламгердің «Өлгендар қайтып келмейді» романы түрік тіліне аударылды. Бұған дейін «Менің атым Қожа» шығармасы да 5 мың данамен түрікше шыққан еді.

Дүйсен Мағлұмов, жазушы:
-«Қожа әлемді аралап жүр» деген сөз болған кезінде. Қожа әлі де әлемді аралап жүр. Енді кеше әзербайжан тіліне аударылып жатыр. Соның бәрін есептеп қарасақ, әлемнің 70-тен аса тіліне аударылған екен. Бұл әлемге таныту емей немене? Өтірігі жоқ жазушы дейді. Шындықты жазған. Көп дүниені өзінің өмірінен алып жазған. 

Жазушының мерейтойына орай көптеген мәдени іс-шара атқарылды. Туған жері Нарынқол ауылында ескерткіш орнатылды. Іс-шараға Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, жергілікті жұртшылыққа Президенттің құттықтау хатын оқыды. Ал «Он алты жасар чемпион» повесі бойынша көркем фильм түсірілді. Ол жуырда жарыққа шығады.

Авторлары: А. Садуақас. С.Жұмабаев