Хабар телеарнасы

Алматыда хирургтар роботтың көмегімен операция жасады

Алматылық хирургтар үндістандық әріптестерімен бірге роботтың көмегімен буын ауыстыру операциясын жасады. Инновациялық тәсілді қазақстандық ортопедтер былтыр қолға алған еді. Былтыр 9 науқастың тізе, жамбас буындары алмастырылды. Бүгін операция тағы төрт адамға жасалды. Бұл процесс жолға қойылса, кезекте тұрғандарға жақсы болар еді. Себебі қазір елімізде 5 мың адам буын ауыстыруға мұқтаж. Мұндай операцияның артықшылығы қандай?

Буын ауруының зардабын әбден көрген жанның бірі – Николай Шрамков. Осы қыста жамбас буынына операция жасатқан. Енді тізе буынын ауыстыруға келіп отыр. Роботтың көмегімен жасалатын операцияға келіскен. Алдымен ғаламтордан оқып, танысып алған. Бұл туралы пікірлер өте жақсы. Әрине, қандай технологияға болсын, адамның қолы керек. Ал «мұндағы травматолог-ортопедтер өте білікті»,– дейді.

Николай Шрамков, қала тұрғыны:

-Әбден оқыдым. Тізе буынын ауыстырған науқастармен сөйлестім. Ойлана келе, роботпен жасалатын операцияға келісіп отырмын. Маған ертең жасайды. Бүгінгі науқастың операциясы сәтті өтті деп естіп қуанып отырмын. Жасым 70-те. Менің жасымда қандай жарақат болсын ұзақ жазылады. Ал роботпен жасалған отаның жарақаты аз болып, асқыну қатері аз болады дейді.

Расында дәрігерлердің айтуынша, эндопротездеу операциясы кезінде қан аз кетеді. Тері мен буын аз кесіледі. Жұмсақ тіндер жақсырақ сақталады. Сүйекті робот кескендіктен отадан соң адам қатты ауырсынбайды. Асқыну қаупі азаяды. Осыған қарай, тез оңалады. Әрине алдымен науқастың компьютерлік томографиясының қорытындысы мен бүкіл медициналық сараптамасы роботқа енгізіледі. Протездің өлшемін, оның орнын робот өзі анықтайды.

Мейрамбек Жұмағұлов, №4 ҚКА Ортопедиялық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

-Операция жасайтын хирургтың көмегімен толық автономды түрде сүйекті жоспарлаған бойынша кесіп шығады. Роботтың ерекшеліктері робот бізге жоспарлағандай дәлдікпен 1 мм дәлдікпен протезімізді дұрыс қойып шығуға көмектеседі. Қазір енді интернет желісінен барлық науқастар көреді, біледі. Сол үшін арнайы робот бар ма деп сұрап, біз роботпен жасатқымыз келеді деп, келетін пациенттер бар.

Қазір мұндай технология дамыған елдерде кең танымал. АҚШ, Жапония, Корея мен Қытайда кеңінен қолданылады. Алматылық дәрігерлер: «Роботпен бірге жұмыс істеуге дайынбыз»,– дейді.

Елдес Сүгір, №4 қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары:

-Осыдан бір жыл бұрын 9 науқасқа жасаған болатынбыз. Ол науқастардың жағдайы қазір өте жақсы. Роботпен жасаған операциялардың нәтижесі өте керемет. Ол кісілер өздерінің үйреншікті өмірлеріне оралды.

Дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі таңда Алматының өзінде 5 мың адам буын ауыстыру кезегінде тұр. Елімізде бұл операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы тегін жасалады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов