Хабар телеарнасы

Шәмші Қалдаяқов әндерінің қазіргі табысы үш айда 22 мың теңге

«Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқов әндерінің қазіргі табысы үш айда 22 мың теңге. Даңқты композитордың ұрпағы Қалдаяқовтың шығармашылығы үшін авторлар қоғамынан осынша төлемақы алады екен. Бүгін композитордың мұрагерлері әділет вице-министрінен Қалдаяқовтың авторлық құқығын қорғауды сұрады.

Таралымы жағынан топ үштікке кіретін, әрбір әні хит болған Шәмші Қалдаяқовтың туындылары «Қазақстан Авторлар қоғамының» меншігінде. Сәйкесінше әндері бұқаралық ақпарат құралдары немесе ойын-сауық орындарында орындалғаны үшін қаражат осы мекемеге түседі. Ал заң бойынша автор немесе оның мұрагерлері түскен сомманың 70% алу керек.

Ботагөз Қалдаяқова, «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
-2019 жылдан бері бізге тиын-тебен төленіп отыр. Мысалы, кезекті төлемақы кеше түсті. Бір тоқсанға, яғни үш айға 22 мың теңге алдық. Атамыздың 55 хит әні бар екенін ескерсек, қаржы дұрыс есептелмей немесе авторлық құқық қорғалмай отыр. Себебі қайда барсаңыз да, Шәмшінің әндері шырқалады. Әнұраннан бөлек. Гимн мемлекеттің меншігінде.

Әділет министрлігі өкілдерінің есебінше, Ұжымдық басқару ұйымына 2023 жылы 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Ал авторларға небәрі 439 млн 192 мың теңге төленген. 70% түгілі, үштен бірі берілмеген. «Қалған сомма қайда?» деген заңды сұрақ туындайды.

Ботагөз Жақселекова, ҚР Әділет вице-министрі:
-Осы сұрақ бойынша Әділет министрлігі тексеру жүргізуге бастамашы болады. Өйткені дәл осындай бірнеше шағым түсті. Шағым көп. «Қазақстан авторлары қоғамының» жұмысы ашық, жариялы болу керек. Сондықтан осы салада қордаланып қалған мәселелерді ескере келе, Сенат депуттары жаңа заң жобасын ұсынды. Ол әлі талқыланып жатыр.

Қыдырәлі Болманов, әнші, продюсер:
-Осыншама уақытта бір жүйелі түрде жұмыс істейтін, жүйелі түрде дами алатын, орындаушылар мен авторлардың құқығын қорғап қана қоймай, олардың жанашыры бола алатын және барлығын айқын көрсетіп, есеп бере алатын, бәрін біріктіріп, бір одақ құрса ма? Білмеймін. Бір жұмыс істейтін дүние керек. Аты бар, істелініп жатқан сияқты. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ.

Әділет органдарының айтуынша, зияткерлік меншік бағытында нәтиже жоқ емес. Қазірдің өзінде өзге біреудің тауар белгісін заңсыз пайдаланған 41 субъект жауапқа тартылып, 81 мыңнан астам тауар айналымнан алынған. Зияткерлік меншіктің жаңа түрі «географиялық нұсқамалар» да тиімді жүзеге асып келеді екен. «Алматының апорты, Түркістан балмұздағы, Талғар алмұрты, Сайрам кексі» сынды 5 тауарға географиялық көрсеткіш еңгізілген. Өзімізде өндірілетін тағы 10-нан астам өнім тексеруден өтіп жатыр. Бұл — отандық тауарларды қорғау мен брендтеудің жаңа тәсілі.

Авторы: Алуа Маханбет