Ұлытау техникалық университеті канадалық үлгіде салынуы мүмкін
Жезқазғанда ашылатын Ұлытау техникалық университеті канадалық үлгіде салынуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімдігі мен шетелдік делегацияның екіжақты кездесуінде айтылды. Тараптар білім ордасының қалашығы салынатын аумақпен танысып, болашақта атқарылатын жұмыстарды талқылады.
Әлемдік білім беру стандартына сай келетін оқу ордасын салуға канадалық 4 университет қызығушылық танытып отыр. Жаңа университеттің оқу бағдарламасы осы 4-еудің ішінен таңдап алынады. Әкімдікте өткен екіжақты кездесуде шетелдік делегацияның ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Дастан Рыспеков, облыс әкімі:
-Біздің ең басты мақсатымыз – Ұлытау өңірінде жоғары білімді, үлкен әлеуеті бар, болашақта дүниежүзіне танымал болатын университет ашу.
Қазіргі болжам бойынша болашақ университет қоршаған ортаны қорғау, минералды ресурстарды басқару, цифрлық технология және білім беру секілді 4 бағыт бойынша жұмыс істейтін болады. Өндірісті өңір үшін ең қажет тау-кен металлургия саласына жоғары білікті мамандар даярлайды.
Мақсұтбек Аймағанбет, «Ұлытау техникалық университеті» жобасының жетекшісі:
-Қазақстан мен Канада арасында университет жобасы жалғасып жатыр. Әрине бұл бір күнде болатын мәселе емес. Әлі де талқыланып жатыр. Біздің жоспарымыз бойынша ол ағылшын тіліндегі университет болу керек және де осы облысқа қажет металлургия бар, геология бойынша, қазір өте маңызды IT саласы бойынша әртүрлі бағдарламалар ашамыз деген ойдамыз.
Жаңа университет қалашығы Жезқазғанның «Батыс» шағын ауданынан бой көтермек. 20 гектар жер телімі бөлініп, шекарасы белгіленді. Қазір ол жерге инженерлік инфрақұрылым тартылып жатыр. Жаңа университет кампусының құрылысы осы жұмыстар аяқталған соң басталады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев